Бүгінгі таңда, Шымкент қаласының аумағында Шымкент қаласы әкімдігінің теңгеріміндегі «Жасыл Белдеу» және Түркістан облысы әкімдігіне қарасты «Бадам» орман шаруашылықтары орналасқан. Екі орман шаруашылығының жалпы жер көлемі 6 мың 286 га, оның ішінде орманды аймақ 5 мың 053 га, жабылмаған аймақ 1 мың 233 га. құрайды.
Орман қорын қорғау мақсатында осы екі шаруашылықтың балансында, жалпы 22 бірлік бейімделген техника және 186 өрт сөндіру құралдарымен 14 бірлік мотопомпа бар. Қазіргі таңда, жабдықтау мен адам құрамы дайындыққа келтірілген.
Жалпы өрт қауіпті кезең басталғалы орман және бидай алқаптарында 2 өрт оқиғасы орын алды. Материалдық шығын 3 млн. теңгені құрады.
Өрт қауіпті кезеңінің қарсаңында «Шымкент қаласының аумағында орман және дала өрттерінің туындау және оларды жою тәуекелдерін төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспары» түзіліп, бекітілді.
Сонымен қатар, жоспарлы іс-шараларды өткізу шеңберінде қалалық Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиясы екі отырыс өткізіп, тиісті мекемелерге тапсырмалар берді.Барлық мүдделі қызметтерді тарта отырып, шартты орманды- дала өртін сөндіру бойынша 2 өрт-тактикалық оқу-жаттығу, 1 өрт-тактикалық сабақ өткізілді.
Ықтимал табиғи өрттерді жер жырту жолымен оқшаулау мақсатында жалпы ұзындығы 1075,3 км. құрайтын минералды жолақтарды құру жұмыстары толық көлемде жүргізілді.
Департамент тарапынан орман қоры аумағында және басқа да табиғи және техногенді төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында пилотсыз ұшу аппараттарымен аэровизуалды бақылау жұмыстарын жүргізу практикада қолға алынған.
Бұдан бөлек, Департаментте, болуы мүмкін орман дала өрттерін сөндіруге жоғары өтімді 13 бірлік техника және 84 адам жеке құрамы ұдайы дайындыққа келтірілген.
Күнделікті орман және дала өрттеріне мониторинг, профилактикалық, рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, халықтың, орман және шаруа қожалықтарының қызметкерлері арасында түсіндіру жұмыстары белсенді түрде атқарылуда, бұқаралық ақпарат құралдарында үгіттеу іс-шаралары жүргізілуде.
Өрт қауіпті кезеңде ауа райының +39 градустан аса көтерліуінен «101», «112» қызметіне құрғақ шөптің немесе қоқыстың жануы туралы күніне 20-30 қоңырау түсіп отырады.
Осыған орай, қала тұрғындарына Төтенше жағдайлар департаменті құрғақ шөпті ору, қоқысты тазалау жұмыстарын жүргізу, сөндірілмеген сіріңкелер мен темекі қалдықтарынан, шыны ыдыстарының қалдықтарынан, дала, орман алқаптарында бақылаусыз от жағудан бас тарту қажеттілігін хабарлайды. Бұл өз кезегінде өрт қауіпті кезең ішінде өрттің алдын алуға және материалдық шығынның азаюына алып келері сөзсіз.
Жалпы азаматтық қорғау органдарының күштері мен құралдары өрт қауіпті кезеңіндегі төтенше жағдайларды жоюға дайын!