Түркістан облысына «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев пен бизнесмен Қайрат Боранбаев келіп, Арыстағы жағдайды көзбен көріп қайтқан болатын. Жарылыстың тигізген зардаптарын бағалай келе, 1 млрд. теңге бөлу қажеттігі туралы шешім қабылдады.
«Атамекен» ҰКП қаланың барлық коммерциялық нысандарын жөндеп беруді өз міндетіне алып отыр. Алдағы істің ауқымдылығы мен маңыздылығына орай Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен жұмыс тобы құрылып, оның құрамына палатаның 21 қызметкері мен аудандық, өңірлік кеңестерінен 7 кәсіпкер енген еді.
Маңызды жұмыста палата өкілдері әрбір кәсіпкерді назардан тыс қалдырмауға тырысады. Және қатаң қадағалау болады. Ал, түзілген актілер алдымен жобалаушы ұйымдарға беріледі, содан кейін сол бойынша ғимараттың сметасы жасалынып, соңында оларды жөндеуге құрылыс компаниялардың еншісінде.
Жалпы, 400-ден астам коммерциялық нысан: дәмхана, асхана, дүкен, өндіріс орны, кеңсе, қоймалар және тағы басқа ғимараттарды қалпына келтіру қажеттігі анықталып отыр.
«Атамекен» ҰКП коммерциялық нысандарды жөндеп беруді Қазақстанның ең ірі деген 12 компаниясына жүктеді. Олардың арасында «Қазақмыс», «Қазмырыш», «Арселор Миттал», «KAZMinerals», «Қазфосфат», «ҚазАзот», «ERG», «Богатырь Көмір», «Өскемен титан-магний комбинаты», «Еурохим-Қаратау», «Ақтөбе Мыс компаниясы» және тағы да басқа ірі кәсіпорындар бар. Аталған компаниялар Арыс тұрғындарына көмек қолын созып, шаһардың шағын бизнесін қалпына келтіруге толық келісті.
Қазіргі таңда, 300-ге жуық бизнес өкіліне несиелеу бойынша ақпарат берілген. Сондай-ақ, 200 кәсіпкер жалпы сомасы 740 млн. теңгеге несие алуға өтініш білдірген. Өз кезегінде 9 кәсіпкердің өтінімі «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы мақұлданып отыр.