Арыстан 75 бала Алматыдағы «Өрнек» жазғы сауықтыру лагерінде демалуға жөнетілген болатын. Еліміздің ең жақсы лагерлерінде демалыстарын өткізіп жатқан арыстық балақайлардың қуанышты күндерінің бірі болып естерінде қалмақ.
Қатты жарылысты естерінен ұмыттыру мақсатында мемлекетіміздің қамқорлығымен жасалынып жатқан игі істер көп. Әсіресе балалардың қатты психикалық жағдайға ұшырамаулары үшін лагерлерге жіберіліп жатқаны құптарлық іс.
Алматылықтар Арыстық оқушыларды «Вокзал-2» бекетінде сән-салтанатпен қарсы алды. Әр оқушыға естелік сыйлықтар таратылды. Цирк әртісі Мұрат Мұтұрғанов отбасымен өнер көрсетті. Аниматорлық көрініс пен колледж студенттері әзірлеген «Арыс, Біз біргеміз!» атты флэшмобы балалардың көңілін көтерді.
«Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен шілденің 12-нен тамыздың 3-не дейін арыстық балалар қала сыртындағы «Өрнек» жазғы сауықтыру лагерінде тынығады. Арнайы бағдарламаға сәйкес оқушылар қаланың көрікті жерлерін аралайды. Сондай-ақ, психологтар әр баламен жеке-жеке жұмыс істейді. Қажет болса киіммен де қамтамасыз етеміз. Бүгін оқушылардың алғашқы легі келді. Жалпы, 150 бала демалады. Қалған 75 оқушы тамызда келеді. Бұл шараны ұйымдастыруға қалалық әкімдік 10 млн. теңге бөлді», — деді Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Гүлнәр Ходжабергенова.
Сонымен қатар, бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Instagram желісіндежазба жариялады.
«Арыстан келген балдырғандарды қарсы алдық. Балаларды вокзалдан тікелей демалу және күш жинау үшін «Өрнек» жазғы сауықтыру лагеріне жеткіздік» — деді әкім.