Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюммен кездесті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты арттырудың тетіктерін қарастырып, болашақ инвестициялық жобаларды талқылады. Шетелдіктер туризм, мәдениет, ауыл шаруашылығы салаларын дамытуда инвестициялық жобалар ұсынуда.
–Инвестиция тарту – қаланы дамытуда маңызды бағыттардың бірі. Мемлекеттік қолдау шаралары аясында біз американдық капиталдың қатысуымен бірқатар жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз. Қаламызда 4 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Инвестициялық алаңдарда барлық жағдайлар жасалған. Сіздермен бірлескен жұмыстың нәтижесінде екі елдің бизнесінің игілігі үшін жаңа жобалар іске асырылады деген сенімдемін», – деді қала әкімі.
Екі ел арасында түрлі бағыттағы қарым-қатынастарға негізделген стратегиялық серіктестік орнатылған. АҚШ ел экономикасының ірі инвесторы болып табылады.
Бүгінде қаламызда американдық капиталдың қатысуымен 10 заңды тұлға, филиал тіркелген. Шетелдік компаниялар өңдеу өнеркәсібі, көтерме және бөлшек сауда, ақпараттық байланыс салаларында жұмыс істейді.