Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева 2023 жылы 9 айда атқарылған жұмыстар бойынша баспасөз брифингін өткізді. Басқарма басшысы инфрақұрылым және материалдық-техникалық базаны дамыту, әлеуметтік қолдау, білім сапасы бойынша жүзеге асқан жұмыстардан хабардар етті.
Білім басқармасының мәліметінше, қалада мектептегі білім сапасы 56,2 %-ға дейін өсті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 51,1 пайызды құраған. Биыл 9 айдың қорытындысында 3 мектепке 2 000 оқушы орнын қамтитын қосымша ғимарат салынды. Оған қоса жаңадан 18 000 орындық 20-ға жуық жекеменшік мектеп ашылды. Нәтижесінде, қалада үш ауысымда оқытатын мектеп мәселесі толығымен шешімін тапты.
—Білім беру ұйымдары 100% арнайы талаптарға сәйкестендірілген бейнебақылау жүйелері, турникеттер, дабыл батырмаларымен толығымен қамтылды. 134 228 оқушы ыстық тамақпен, 53 893 бала мектеп формасымен қамтамасыз етілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Шымкентте 2025 жылға дейін 18 нысан салынады деп жоспарланған. Оның 12-нің құрылысы биыл басталды, — деді басқарма басшысы.
Есепті кезеңде қала оқушылары халықаралық және республикалық білім сайыстарынан 93 жүлделі орынға ие болды. Шымкент қаласында 2023-2024 оқу жылында 936 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Өткен есепті кезеңмен салыстырғанда білім беру ұйымдарының желісі 48 бірлікке артқан.
«Шымкент келбеті»