Бүгінде өңірлік кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері Арыс қаласындағы әрбір үйді аралап, бизнесі бар әлеумет арасында сауалнама жүргізіп көрді. Келтірілген шығын бағаланып, сметасы шығарылған соң кәсіпорын иесі бағалау нәтижесімен танысып, қол қойылды. Қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры қаражат бөлу екі механизм бойынша жүргізілетінін атап өтті. Оның біріншісі – аз көлемде шығыны бар компанияларға кәсіпкерлік нысанды тез іске қосу үшін кәсіпорын иесінің шотына келісім негізінде (1-2 млн. теңге көлемде) қаражат аударылады. Ал, екіншісі – үлкен көлемде шығыны бар кәсіпкерлерге қаражат палата-кәсіпорын-құрылыс компаниясы арасында үшжақты келісім жасалып, жүзеге асырылады.
Арыс қаласының шағын және орта бизнес өкілдеріне 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап сыйақы мөлшерлемесі 1 пайыздық жеңілдікпен 5 млн. теңгеге дейін несие берілмек. Бұл Арыс қаласының кәсіпкерлерін қолдау мақсатында облыс әкімдігі мен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры тарапынан құрылған «Қамқор» бағдарламасы аясында жүзеге асады. 4 жыл мерзімге берілетін бұл несиені әрбір 6 ай сайын төлеуге жеңілдетілген кезең қарастырылған. Негізгі талап – екі кепілгердің болуы қажет. Аталған қолдау барлық кәсіпкерлік субъектілеріне салалық шектеулерсіз ұсынылмақ. Жеңілдетілген несие «Ырыс» микроқаржы ұйымымен жүзеге аспақ.
«Бүгінгі таңда «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы мен «Ырыс» микроқаржы ұйымы, Агронесие корпорациясы және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» сынды қаржы институттары арқылы несие алған 150-ге жуық кәсіпкердің 400 млн. теңге көлеміндегі осыған дейін алған несиелеріне жеңілдіктер жасалады. Яғни, төлем кестесін өзгерту, айыппұлын қысқарту, несие бойынша негізгі қарызға жеңілдік кезеңін беруді көздейді» дейді Дінмұxамед Болатұлы.