Өңірімізде астық ору науқаны басталып кетті. Қазығұрт ауданына қарасты «Сапа – 2002» ЖШС-нің 2,5 мың гектар бидай алқабына орақ түсті. Қазіргі таңда мұнда комбайндар мен бидай тасушы жүк көліктері егістік басында күндіз-түні тынбай жұмыс істеуде. ЖШС директоры Н.Аширов астықтың түсімі жақсы екенін айтады. Кәсіпкердің пікірінше, оның бұлай болуына, біріншіден, биылғы ауа-райының қолайлылығы, екіншіден, агротехникалық талаптардың дер кезінде әрі сапалы орындалуы әсерін беріп отыр.
Қазығұрт ауданында өткен жылы 42 мың гектардан астам алқапқа арпа, бидай егілсе, масақты дақылдар алқабы биыл 40 400 гектарды құраған.
Ал, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Т.Оспановтың мәлімдеуінше, өңір бойынша егілген 218,6 мың гектар масақты дақылдардан орта есеппен гектарына 21,2 центнерден өнім алынып, 462 мың тонна астық қамбаға құйылады деп күтілуде. Сонымен бірге, биылғы өнім былтырғымен салыстырғанда 132 мың тоннаға артық түскелі тұр. Және де қолда бар 1012 дана комбайнның барлығы дерлік астық оруға кірісіп кетті.
Аудан басшысы Телғараев бидайдың былтырғы түсімділігі гектарына 26 центерден айналғаны және биылғы көрсеткіш те осыған шамалас екендігін айтты. Және де жалпы аудан масақты дақылдар өсіруден алдыңғы орында тұрғаны жайлы баяндады. «Бұған былтыр арнайы байқауда облыстан «Астық өндіруші» номинациясы бойынша І орынды, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасын орындаудан ІІ орынды жеңіп алуы дәлел» деді, аудан басшысы.