Шаһарда жол құрылысында атқарылған жұмыстармен танысу мақсатында кезекті баспасөз туры ұйымдастырылды. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Өмір Қалыбаев М.Х.Дулати, Қазыбек би көшелеріндегі өзгерістер, Қонаев даңғылы жалғасы құрылысының 2-ші, 5-ші кезеңі және «Оңтүстік» айналма жолында жүзеге асқан жұмыстарды таныстырды.
Қала аумағындағы жол инфрақұрылымын дамыту жоспарына сәйкес, магистральді көшелердің бірі Қазыбек би мен Дулати көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Яғни, асфальт жабындысы жаңартылып, жол және жаяу жүргіншілер жолақтары сызылды. Қазіргі таңда Дулати көшесінде аяқжол салу жұмыстары жүріп жатыр.
Таяуда Дулати мен Қазыбек би көшелерінде көлік құралдарының қозғалыс бағыттары өзгерген болатын. Басқарма басшысының орынбасары бұл өзгерістер қаланың орталығына, солтүстігіне шығатын көліктерге ыңғайлы жағдай жасау, кептелістердің алдын алу мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті.
Сондай-ақ, қазіргі таңда Қонаев даңғылы жалғасы құрылысының 2-ші кезеңінде жұмыстар жалғасын табуда. Құрылыс 2021 жылдың тамыз айында басталған еді. Мұндағы құрылыс белдеуіне түскен бизнес нысандары, жеке секторлар мемлекет мұқтажына толық алынған. БАҚ өкілдері 2-ші және 5-ші кезеңнің құрылыс барысын аралап көрді.
– Қонаев даңғылының жалғасы Оңтүстік бағытқа қарай, жалпы Республика көшесіне балама ретінде салынуда. 1-ші, 3-ші, 4-ші кезеңде жұмыстар аяқталды. 2-ші, 5-ші және 6-шы кезеңде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы нысанды 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарда. Бесінші кезеңнің жалпы ұзындығы – 4,7 шақырым. Осы айда аталған жол Саттарханов көшесіне дейін көлік қозғалысына ашылады. Қонаев даңғылы жалғасы құрылысы «Оңтүстік» айналма жолына қосылады, – дейді Өмір Сәметұлы.
Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 16 шақырым «Оңтүстік» айналма жолының құрылысы жоспарға сай атқарылуда. Бұл нысан Ташкент бағытындағы республикалық маңызы бар жолдан Ленгір тас жолына қосылатын негізгі жол болып есептеледі. Жол құрылысы қала ішіндегі кептелісті азайту мақсатында қолға алынып отыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталды.
Басқарма басшысының орынбасары нысан құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, қолданысқа беру жоспарда екенін мәлімдеді.
«Шымкент келбеті»