ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында индустриялық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру жөнінде шаралар қабылдау туралы нақты тапсырма берген болатын.
Мемлекет басшысы «Үкіметке индустрия және жер қойнауын игеру салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырамын. …жалпы, инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі» деп атап өткен болатын.
Осыған орай Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру бағытында бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, «Жұлдыз» индустриалды аймағы қосымша 155 гектарға, ал, Шымкент сауда-логистикалық орталығының аумағы 136 гектарға кеңейтілген. Сонымен қатар қазір Шымкентте тамақ өнеркәсібіне бағытталған «Бозарық» индустриалды аймағының құрылысы жүргізілген болатын.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Жұлдыз» индустриалды аймағында салынып жатқан бірқатар кәсіпорынның құрылысымен танысты бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады . «Ferrum Constraction & Chemical» ЖШС-і толық іске қосылғанда жылына 60 мың текше метр темір-бетон бұйымдарын шығарады. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары 90 пайыз аяқталған. Кәсіпорынды биыл іске қосу көзделуде.
Қала басшысы жауаптылармен бірге керамогранит өндіретін «Wan Sheng Ceramic» ЖШС-нің құрылысын да аралап көрді. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары 40%-ға аяқталған. Зауыттың бірінші кезеңін келесі жылы, екінші кезеңін 2025 жылы іске қосу жоспарланып отыр.
Ал «Оңтүстік Plastic KZ» кәсіпорны үйлерге арналған жаңбыр суағарлары мен кәріз құбырларын өндіреді. Зауыттың өндірістік қуаты айына 600 тоннаны құрайды. Қала басшысы аталған кәсіпорынның құрылыс-монтаж жұмыстарын да қадағалады. Жоба биыл жүзеге асырылады.
Кәсіпкерлер жер телімдерін қайтару, инфрақұрылыммен қамту бойынша бірқатар өзекті мәселені жеткізді. Қала әкімі жауаптыларға құрылыс барысындағы кедергілерді тез арада жойып, мемлекеттік қолдау шаралары аясында кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі