2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша қала оқушылары халықаралық және республикалық білім сайыстарынан 93 жүлделі орынға ие болды. Осы орайда Шымкент қаласы “Дарын” орталығының директоры Раушан Джеренова, оқушылар арасындағы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары баспасөз брифингін өткізіп, БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берді.

Химиялық-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Қанат Серікбай 2023 жылы Белград қаласында өткен Еуропалық ЕgeO олимпиадасында күміс медаль иегері атанған болатын. Ал Арсен Сыдықов биыл Индонезияның Бандунг қаласында өткен Халықаралық IGeO олимпиадасында қола медальға ие болды. Сондай-ақ, Еуропалық ЕGeO олимпиадасының қола медаль иегері.

М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 гимназияның 11 -сынып оқушысы Баязит Байжүрек 2023 жылы Мәскеуде өткен «Ғылымға бастама» оқушылардың XVIII Халықаралық ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстар байқауының жеңімпазы атанып қайтты.

—Қала оқушылары халықаралық олимпиадаларға қатысу үшін алдымен іріктеу кезеңдерінен өтеді. Мектепішілік, аудандық, қалалық кезеңдерде бағын сынайды. Оқушылар жыл сайын түрлі халықаралық білім бәсекелеріне қатысып, оң нәтижелерге қол жеткізуде. Былтыр ғылыми жоба байқауының жеңімпаздары әлемнің жетекші оқу орындарының шәкірті атанды. Біз дәстүрлі түрде осындай дарынды оқушылармен кездесулер, баспасөз брифингін өткізіп тұрамыз, — деді Р.Джеренова.

Брифинг барысында Қанат Серікбай АҚШ-тың іргелі университеттерінде, Арсен Сыдықов Назарбаев университетінде білім алуды мақсат етіп отырғанын атап өтті.

Айта кетсек, білім басқармасының мәліметінше, қалада мектептегі білім сапасы 56,2 %-ға дейін өсті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 51,1 пайызды құраған.

«Шымкент келбеті»

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.