«Еліміздің болашағы отбасында қалыптасады. Ал, отбасы бақытты болса, еліміздің келешегі де жарқын болады». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында отбасы құндылықтарын сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлу керектігін айтты. Бұл тұрғыда Шымкентте «Бақытты отбасы – бақытты жан» атты әлеуметтік жоба қолға алынған болатын. Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен «Ғаламат» қоғамдық бірлестігі қолға алған жобаның басқосуы «Алтын орда» көркем сурет галереясында жалғасты.
Отбасы институтын нығайту, отбасы құндылықтарын насихаттау, дәстүрімізді жаңғырту, қоғамда үлгілі отбасылардың көбеюіне атсалысуды мақсат еткен жоба аясында 10 маңызды кездесу өтті. «Алтын орда» көркем сурет галереясындағы басқосу ерекше форматта ұйымдастырылды. Қатысушылар елімізге танымал үлгілі отбасы, ұлттық қолөнерімізді әлемге танытып жүрген Бейісбековтер отбасының өз үйінен ашқан шеберханасына барып, он саусағынан өнері тамған жандардың қолөнер туындыларымен танысты. Кездесу аясында қолөнершілер жастарға шеберлік сабағын өткізді. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Әділханов басқосуда әлеуметтік жобаның маңыздылығына тоқталып, аталған жобаға қолдау білдірген бірқатар жанға сертификат табыстады.
–Әрбір семинар-кездесудің маңызы ерекше болды. Ата-ана, балалардың құқығының қорғалуы, өзара сыйластық, тығыз қарым-қатынасты қалыптастыруда психологиялық тұстарды реттеу мақсатында тәжірибелі заңгерлер және отбасылық психологтар, теолог-маман, тәжірибелі этнопедагог, салт-дәстүр бойынша ғылыми әдіскерлер қатыстырылды. Әр кездесу нақты тақырыптар бойынша ұйымдастырылды. «Отбасындағы әке мен ана және баланың қарым-қатынасы», «Отбасы: дәстүр және дін», «Отбасындағы әкенің рөлі», «Отбасындағы қыз баланың тәрбиесі», «Отбасы мүшелерінің денсаулығы», «Отбасындағы психологиялық ахуал», «Азаматтық некенің көбеюі: себеп пен салдар». Осындай мазмұнды кездесу-семинарларға 350-ге жуық адам қатысты. Олардың арасында өнегелі, өсіп-өнген отбасылардың аталары, әжелері, жас отбасылар, бала тәрбиесіне жауапты педагогтар, ұл-қызын жалғыз тәрбиелеп отырған аналар, студент жастар да болды. Іс-шараға қолдау көрсеткен С.Ерубаев атындағы №24 ІТ лицей-мектебі, №72-ші лицей-мектебі, Орта Азиялық инновациялық университеті, Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, М. Әуезов атындағы ОҚУ-дің «Мәдениет және өнер», «Педагогика және психология» факультеттерінің оқытушылары, қалалық Әл-Фараби атындағы ғылыми орталық кітапханасы, «Жанұя орталығына» алғыс білдіреміз, – деді жоба ұйымдастырушы Зауре Оралбаева.
Әлеуметтік жобаның әрбір кездесуінде аға буынмен қатар, жас аналар мен әкелер, әсіресе жастар белсенді қатысты. Теолог, психолог, заңгер және өзге де кәсіби мамандар мен қатысушылар емін-еркін әңгіме құрып, көкейінде жүрген сауалдарына жауап алды. Қатысушылар отбасы құндылығын сақтау, ұлттық тәлім-тәрбиені ұрпақ бойына сіңіру, ана мен баланың құқығының қорғалуында семинар-кездесудің берері көп екенін тілге тиек етіп, мұндай жобалар жалғасуы керек деген тілектерін жеткізді.
«Шымкент келбеті»
Фото Серік Қосаев