Бүгін, Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары бойынша брифинг өткен болатын, деп хабарлайды q-content.kz ақпараттық порталы, облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жақсы жаңалықтардың біріне бастама болып отырған брифинг өтті. Оған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-минстрі Қайырбек Өскенбаев, облыс әкімінің кеңесшісі Ұласбек Сәдібеков, Қорғаныс минстрлігінің өкілі Қайыргелді Хусайнов, Облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Марат Пашимов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Қилыбай қатысты.
Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Ұласбек Сәдібеков қала тұрғындарына түсіндерме жұмыстарын жүргізу үшін 800-ге жуық белсенді тартылып, жұмыс атқарып жатқанын мәлімдемесінде айтып өтті.
«Арыс қаласы тұрғындарының игілігі үшін алдағы уақытта да ауқымды жұмыстар атқарылады. Осы аптаның аяғында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі екінші рет өткізіліп, қала тұрғындары азық-түлік, көкөніс, ет өнімдерін арзандатылған бағада ала алады. Сонымен қатар Арыс қаласының зейнеткерлерін әлеуметтік қолдау мақсатында «Мейір» ардагерлер үйі мен «Ардегерлер үйіне» 800 ардагерді демалысқа жіберу көзделіп, бүгінгі таңға дейін 400 ардагер аталмыш орындарға аттанды. 4000 баланы республикамыздың әр аймағындағы жазғы лагерлерге жіберу жоспарланып, қазіргі күнге дейін 1395 бала жазғы сауықтыру лагерлеріне жіберілді», — деді ол.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-минстрі Қайырбек Өскенбаев бүгінгі таңда тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын жеткізді.
«Алғашқы деректер бойынша 27 тұрғын үй тұруға жарамсыз деп танылса, бағалау нәтижелері бойынша олардың саны 149-ға жетті. Барлық үйлер бағаланып жатыр. Жақын арада түгелдей қалпына келтіріледі», — деді Қ.Өскенбаев.
ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі Қайыргелді Хусайнов қазіргі таңда Арыс қаласынан 20 шақырым жердегі аумақтарды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, қойма да тазаланатынын жеткізді. Ал облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері Марат Пашимов апат салдарынан ауруханаға түскен 65 науқас толықтай жазылып, үйлеріне оралғанын, бүгінгі таңда Арыс қаласының 3 тұрғыны ем алып жатқанын, барлығының жағдайы бірқалыпты екенін айтты.
Арыс қаласындағы 4-секторға жауапты болып бекітілген Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Қилыбай осы аумақтағы тұрғын үйлерді бағалап, қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын өз сөзінде айтып кетті.