Шымкент қаласында биыл мал шаруашылығы саласын дамытуға мемлекеттен 1071,7 млн теңге қаржы қаралған. Осы қаражаттың 209,4 млн теңгесі жем-шөпке бағытталған. Бұл жайында қаланың ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров баспасөз брифингте айтты.
Шаһарда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мен өнімділігін арттыруға субсидия асыл тұқымды малға, селекциялық асылдандыруға, өндірілген өнім мен жем-шөп шығындарының бір бөлігін өтеу үшін беріледі. Бұл бойынша нақты норматив бекітілген.
–Мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалану арқылы биыл «Эгамназаров» шаруа қожалығы Дания елінен 104, «Бәйтереков» шаруа қожалығы 34 сүтті бағыттағы ірі қараның «Гольштейн», «Джерси» және «Қызыл Даттық» тұқымдарының аналық басын сатып алды. Бұл үш түрлі тұқымның әкелінудегі мақсаты – сүттің құнарлылығы мен өнімділігін арттыру. Мұндай сиырлар орта есеппен тәулігіне 24 литрден сүт береді. Бүгінгі күні әкелінген асыл тұқымды малдардың басым бөлігі төлдеді, – деді басқарма басшысы.
Құс шаруашылығында да мемлекеттік қолдау аясында асыл тұқымды балапандар сатып алынған. Мәселен, жұмыртқа бағытындағы 4 құс фермасы бір тәуліктік 413 мың дана асыл тұқымды балапан сатып алған. Балалпандардың әр басына 60 теңгеден субсидия қаржысы төленген.
Брифинг барысында салаға тартылған инвестиция жайына да тоқталды. Осы жылдың 10 айында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 6 млрд теңге, тамақ өнімдерінің капиталына 6,9 млрд теңге инвестиция тартылған.
–Бұл қаражатқа 16 инвестициялық жоба жүзеге асады. Оның ішінде 3 сүт фермасы, 3 сүтті қайта өңдеу цехы, жылыжай – 2, көкөніс қоймасы – 2, бір мал болдақылайтын алаң, құс фабрикасы және көкөністерді қайта өңдейтін бір жоба бар. Нәтижесінде 262 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр, – деді Ә.Жанбатыров.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі 44,6 млрд теңгеге жеткен. Көрсеткіштің 28,9 млрд теңгесі мал шаруашылығына, 15,3 млрд теңгесі өсімдік шаруашылығына тиесілі.
«Шымкент келбеті»