Бүгін әкімшілік іскерлік орталығында ҚР Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов және қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен жаңадан салынған өрт сөндіру депосының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты ашылу рәсімінде қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы құттықтау сөз сөйледі.
«Сіздерді бүгінгі қызмет бабындағы жаңа қоныстарыңызбен құттықтаймын! Азаматтық қорғау саласы қызметкерлері үшін ең басты міндет – құтқару, көмектесу, қорғау, яғни өзгенің өміріне үлкен жауапкершілікпен қарап, оны қауіптен аман алып қалу. Бұл – жоғары әрі жауапты миссия. Құрметті бейбіт күннің батырлары! Сіздер өз қызметтік парыздарыңызды абыроймен атқарып келесіздер. Жанкешті еңбектеріңіз, жауапкершілік пен кәсібиліктеріңіз – қала тұрғындары тыныштығының кепілі. Сондықтан да мемлекет пен қоғам антқа адалдықтарыңызды, қажырлы жұмыстарыңызды жоғары бағалайды», – деп, қала басшысы ыстық ықыласын жеткізді.
Іс-шара барысында қызмет ету кезінде ерлік көрсетіп, ерекше көзге түскен Шымкент қаласының ТЖД қызметкерлері марапатталды. Сондай-ақ құрметті қонақтар өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамымен кездесу өткізіп, жаңа ғимаратпен танысты.
Жергілікті атқарушы органның және республикалық бюджет есебінен салынған нысанда Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің әкімшілік ғимараты және 4 автокөлікке арналған өрт сөндіру депосы орналасқан. Үш қабатты әкімшілік ғимаратта кризистік және ситуациялық орталықтары, бірыңғай диспетчерлік қызмет, оқу сыныптары, жұмыс кабинеттері бар. Екі қабаттан тұратын өрт сөндіру депосында оқу сыныбы, демалыс, жатын, ас бөлмелері, спорт және мәжіліс залы, техникалық үй-жай, сондай-ақ жеке құрамның кәсіби даярлығын арттыру үшін оқу-жаттығу мұнарасы қарастырылған.
Соңғы үлгідегі заманауи техникалармен жабдықталған жаңа өрт сөндіру депосы оқиға орнына жету уақытын қысқартуға және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Мұнда 108 өрт сөндіруші қызмет етеді.
Айта кетейік, қалада 10 өрт сөндіру бөлімі бар. Бүгінде екі жаңа өрт сөндіру депосының құрылысы жүргізілуде.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі