Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Қ. Сыпатаев атындағы № 7 IT мектеп-лицейі» және «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған № 1 арнайы мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемелерінің жай-күйімен танысты.
Мектеп-лицейінің іргетасы 1963 жылы қаланған. Жалпы ауданы 6490.00 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда 2 377 бала екі ауысымда білім алуда. Жобалық қуаты – 1 200 орын, оқу бөлмесі – 42. Екі спорт залы бар, 32 бейнебақылау камерасы орнатылған. Бүгінде күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленгенімен, өрт қауіпсіздігінің талаптарына сай келмеуіне байланысты мемлекеттік сараптамадан өтпей тұр.
Мектеп-интернаты 3 ғимараттан тұрады, 170 оқушы білім алады. Негізгі нысан 1969 жылы салынған, ал жатақхана мен спорт залы 1988 жылы пайдалануға берілген. Жалпы ауданы – 8183.40 шаршы метр, 37 бейнебақылау камерасы бар. Білім ұясы күрделі жөндеуден 2009 жылы өткен. Бүгінде тозығы жетіп, күрделі құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта жұмыс көлемі 85 пайыз орындалды. Құрылыс келесі жылға өтпелі.
Білім ошақтарының мәселелерімен танысқан қала әкімі жауаптыларға «Қ. Сыпатаев атындағы № 7 IT мектеп-лицейінде» күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу және қосымша ғимарат салу бойынша тапсырма берді. Ал «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған № 1 арнайы мектеп-интернатына» заманауи су себу қондырғыларын орнатуды жүктеді. Сондай-ақ тиісті басшыларға жылу қазандығы бойынша мәселені назарға алып, құрылыс жұмыстарын мерзімінде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі