Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қаратөбе тұрғын алабында Еңбекші ауданының тұрғындарымен кездесті. Қала әкімі азаматтардың мәселелерін тыңдап, тұрғындарды әлеуметтік-экономикалық даму, инженерлік-инфрақұрылым және өзге де бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.
Алдымен аудан әкімі Досбол Есілбек барлық салада жүзеге асқан жұмыстарды баяндап, бірқатар мәселелерге тоқталып өтті. 2023 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жоспарланған 35 көпқабатты үй аулаларының 25-інде абаттандыру жұмыстары аяқталды. Биыл 7 спорт алаңшасы орнатылуда. Халықтың негізгі шоғырланған аумақтары инфрақұрылыммен қамтылған.
2023 жылдың қорытындысы бойынша ауыз сумен қамту 97 пайызға жетпек. Қарабастау, Қаратөбе, Тоғыс, Жұлдыз, Жыланбұзған, Айнатас тұрғын алаптарының жаңақұрылыс аумақтарында, жалпы 6 нысан құрылысы жүргізілуде. 2023 жылы табиғи газбен қамту көрсеткіші 90,7 пайызды құрамақ. Және ауданда 73 көше (45,5 шақырым) жөнделеді.
– Қалада тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында тиісті жұмыстар жүзеге асырылуда. Атқарылған жұмыс та бар, кемшіліктер де аз емес. Жаңадан қосылған шалғай елді мекендерде әлі де мәселе көп. Барлық мәселелер басымдығына қарай, уақытпен, кезең-кезеңімен шешіледі. Атқарылатын жұмыстардың басталуы және аяқталу мерзімін нақты айтып, тұрғындарды үнемі ақпараттандырып отыру керек. Бүгін айтылған мәселелерді жүйелеп, зерделеп, тиісті шешімдерді тұрғындарға жеткізіп отырамыз. Жалпы, қаламызды дамыту, өркендету жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деді қала әкімі.
Сондай-ақ, аудан тұрғындары кездесуде инфрақұрылыммен қамту, жол белгілерін орнату, балалар ойын алаңшасы, мобильді байланыс, қоғамдық көлік мәселелері бойынша сауалдарын қойды. Атап айтқанда, Қарабастау тұрғындары су, газбен қамту, мобильді интернет сапасын жақсарту мәселесін көтерсе, Жастар көшесі тұрғындары мектепке баратын аяқжол, кәріз жүйесі және балалар ойын алаңшасын орнатып беруді сұрады.
Кездесу барысында Ғабит Әбдімәжитұлы әр тұрғынның мәселесін тыңдап, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
«Шымкент келбеті»