Бүгін Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында Бірыңғай есеп күні өтті. Мұндағы мақсат – заңнама талаптарын бұзудың алдын алу, кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру.
Жиынға Шымкент қаласының әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов пен прокуратура органдары, мемлекеттік қызмет істері агенттігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ, Шымкент қаласындағы басқа да бақылау-қадағалау органдарының өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.
Бақылау-қадағалау органдары кәсіпкерлер алдында есеп берді және олармен мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі идеяларды талқылады.
—Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Әкімшілік қысым индексі» рейтингі жасалды. Оған сәйкес, 13 өңірдің көрсеткіші орташа республикалық деңгейден жоғары, бұл әкімшілік жауапкершілікке тартылған бизнес субъектілерінің жоғары үлесін көрсетеді. Еліміз бойынша орташа деңгей – 3,6 пайыз, ал Шымкент қаласында бұл көрсеткіш 2,1 пайызды құрады. Әкімшілік айыппұл салу бойынша елімізде орташа көрсеткіш 26,5 пайыз болса, Шымкентте 17,1 пайызды құрады, ең жоғары көрсеткіш Жетісу облысында – 55,3 пайыз, — деді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.
Оның айтуынша, биыл «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Палата түрлі мемлекеттік құрылымдармен нәтижелі ынтымақтастық орнатып, бизнес пен билік арасында тиімді диалог құра алды, 1,4 млн кәсіпкердің басын біріктірді. Ұлттық палатаға бизнес тарапынан 17,9 мың бизнестен өтініш түсіп, қарау нәтижесінде кәсіпкерлердің 230,2 млрд теңгесі қорғалды. Кәсіпкерлерге салынатын әкімшілік айыппұлдар 30 пайызға төмендетілген.
«Шымкент келбеті»