Бүгін Жеңіс саябағындағы Ерлік музейінде «Таулы Қарабақ» ардагерлер мен мүгедектер республикалық қоғамдық бірлестігі Шымкент қаласы филиалының ұйымдастырумен «Ұрпаққа үлгі болар ерлік» атты іс-шара өтті. Іс-шараға «Таулы Қарабақ» ардагерлер мен мүгедектер республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерғали Базарбаев, қаламыздың ардагерлер ұйымдарының мүшелері мен білім, мәдениет басшылары, сондай-ақ республика аумағынан да ардагерлер ұйымының мүшелері, әскери бөлім сарбаздары қатысты. Жеңіс саябағындағы Сабыр Рахымов ескерткішіне гүл қою рәсімімен басталған жиын «Ерлік» музейіндегі «Таулы Қарабақ» ардагерлеріне арналған арнайы бұрыштың ашылу рәсіміне ұласты.
–Арнайы бұрыштың ашылуы жастарды жігерлендіру, Отанға деген сүйіспеншілікке баулу, елжандылығын арттыру мақсатында ашылып отыр. Бұған дейін басқа да қоғамдық бірлестіктердің арнайы бұрыштары ашылған болатын. Бұл жерде біз оқушыларға, әскери оқу орындарының, жоғары оқу орындарының студенттеріне ерлік сабақтарын өткізетін боламыз, – деді бірлестік төрағасы Мұрат Төленбайұлы.
«Ерлік» мұражайында қазіргі таңда 4500-ден астам құнды жәдігер бар. Мұнда Ұлы Отан соғысы, Ауған соғысы, «Семей сынақ» ядролық полигонында ерлік көрсетіп, Отан үшін жанын қиған ардагерлерді еске алу бұрыштары, олардың фотосуреттері мен өзге де бұйымдары сақталған. Бүгінгі бұрыштың ашылуымен мұражай қоры жаңа экспонаттармен толықты.
–Мұражайдың «Ерлік» бөлімі тағы экспонаттармен толықты. Мұнда түрлі тақырыптарда патриоттық іс-шаралар өткіземіз. Студенттер мен оқушыларымыз ардагерлеріміздің құжаттары, қолданған заттары, ең бастысы олардың ерлігімен жете танысады деген ниеттеміз. Арнайы бұрышқа 50-ге жуық жәдігер қабылданды. Әлі де суреттерін, медаль, киімдерін әкеліп өткізіп жатқан ардагерлеріміз бар,– деді «Ерлік» музейінің меңгерушісі Гүлзинат Сейілханқызы.
Жиын соңында ардагерлер қоғамдық ұйымдарынының белсенділері марапатталып, 35748 әскери бөлімі оркестірінің концерттік бағдарламасына ұласты.
«Шымкент келбеті»