Биыл Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданын табиғи газбен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызға жетеді. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен кездесуінде мәлім болды.
Шаһар басшысының халықпен кездесуіне барлық салалық басқармалардың және құқық қорғау органдарының басшылары, жергілікті қоғамдық кеңестердің белсенділері мен көпқабатты үйлердің төрағалары, еңбек ардагерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесу барысында қала әкімі тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу мақсатында алдағы уақытта жүйелі жұмыстар жүргізілетінін, барлық мәселелер тұрғындардың пікірін ескере отырып шешілетінін мәлімдеді.
Кездесуде Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндады.
–Әл-Фараби ауданында 235 мыңға жуық тұрғыны бар. Бүгінде ауыз су және электр қуатымен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрап отыр. Ал табиғи газбен қамту мәселесі биыл толық шешілетін болады. Қазіргі таңда Сәуле шағын ауданы 276-орамда табиғи газ желісінің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Ал, кәріз жүйесімен қамтамасыз ету мәселесі 2025 жылға қарай толық шешімін табуы тиіс, – деді аудан әкімі.
Оның айтуынша, биыл барлығы 28 көшеге асфальт және 12 көшеге шағал тас төсеу бойынша жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, 14 көшені жарықтандыру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр екен.
Әл-Фараби ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасының аясында биыл 39 ауланы абаттандырып, балалар ойын алаңшасын орнату жоспарланған болса, бүгінде 24 ауладағы жұмыс толығымен аяқталып, тұрғындардың игілігіне беріліпті. Қалған 15 аулада жұмыс жыл соңына дейін аяқталады.
Қала әкімі аудан және тиісті басқарма басшыларына халықтың өтініштері мен ұсыныстарын орындауда нақты тапсырмалар жүктеді.
«Шымкент келбеті»