Бүгін Шымкент қаласында «Бейбітшілік және келісім» жобасының кезекті қоғамдық қабылдауы ұйымдастырылды. Қаладағы №133 мектеп ғимаратында өтіп жатқан іс-шараға бұл жолы Абай ауданының тұрғындары қатысып, өтініш-шағымын жеткізуде.
Қоғамдық қабылдауда қала әкімдігі жанынан құрылған арнайы жұмыс тобы тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап беріп, түрлі саладағы мәселелерді шешу жолын қарастырылды. Арнайы жұмыс тобы этносаралық келісім, әлеуметтік және еңбек проблемаларын шешу, денсаулық, білім, кәсіпкерлік, конфессияаралық келісім, заң, тәртіп және қауіпсіздік секілді бағыттар бойынша қабылдау жүргізеді. Бүгінгі қабылдауға ұсынысымен келген тұрғынның бірі – Кәрімжан Юлдашев. Ол Бадам өзенін қалың өскен қамыстан тазартуды сұрап келген екен.
–Мен көтерге мәселе – елдің қамы. Бадам өзенінде қамыстың қалың өскені соншалық, судың ағысына кедергі келтіріп жатыр. Оның салдарына өзенде су көбейген жағдайда айналасындағы тұрғын үйлерге залал келтіруі мүмкін, – дейді тұрғын.
К.Юлдашевтың ұсынысы бойынша аудан әкімдігі қызметкерлері тиісті басқармаға хабар беретінін жеткізді. Ал, Қызылжар тұрғын алабының тұрғыны Нұралы Зұлпықаров тәртіп сақшыларына өткен жылы жөндеуден өтіп, асфальт төселген көшеге жол кедергісін орнатып беруін сұрады.
–Сығанақ көшесіне жөндеу жүргізілгеннен кейін бұрынғы жол кедергісі қайта қойылмады. Қазір сол көшеде көліктердің жылдамдығын төмендететін бірде-бір кедергі жоқ. Кеш батты дегеннен жас жеткіншектер мотоцикл мініп, жарыс ұйымдастырады. Осы мәселені полиция қызметкерлеріне жеткіздім. Олар өздерінің маған байланыс номерін берді. Енді осы жағдай тағы қайталанса, тәртіп сақшыларын шақырып, бұл мәселені бірлесе шешуді ұйғардық, – дейді ардагер.
Аталған іс-шара ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан ұсынылған болатын. Көзделген мақсат – түрлі этнос өкілдері тығыз мекендеген аймақтардағы мәселені бейбіт жолмен, яғни қоғамдық қабылдау арқылы бірлесе шешу.
–Біз осындай қоғамдық қабылдауды қаладағы Қаратау ауданы мен Еңбекші ауданындағы этнос өкілдері шоғарланған елді мекендерде ұйымдастырдық. Бүгін Абай ауданында өткізіп жатырмыз. Халықтың осындай қоғамдық қабылдауға келіп, өз мәселесін жеткізіп белсенділік танытуда. Мәселен, Қаратауда 40 тұрғын қабылдауға қатысса, Еңбекшіде 30-дан аса адам өз меселесін жеткізді. Бүгін де, әр сала бойынша арнайы құрылған топ азаматтарды қабылдап, олардың мәселелерін тыңдап, шешу жолдарын қарастыру үстінде, – дейді Шымкент қаласы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Ербол Байқонақов.
«Шымкент келбеті»
Фото – Серік Қосаев