Бүгін Шымкент, Тараз, Түркістан қалаларының қолөнершілері «Artisans of Shymkent» форумы аясында бас қосты. Түрлі аймақтар мен ұлттардың мәдениеттерімен таныстырып, қолөнершілердің басын қосқан форумда өнер иелері өзара тәжірибе алмасып, жасаған бұйымдарымен таныстырды. Жаңа дағдыларды меңгеруге және қолөнер қауымдастығы арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған шараға 60-қа жуық қолөнерші қатысты.
—Мен табиғи өнімдерден жұпар иісті балауыздар, әсемдік беретін әртүрлі қалыптар, әшекейлер жасаймын. Өзім қаржы маманы болсам да қолөнер саласы мені қатты қызықтырады. Бүгінгі форумда спикерлерден жақсы ақпараттар алып, өз өнімдерімізді таныстыруға келдік, — дейді қолөнер шебері Әсел Нұржанова.
Форумда спикерлер: «Құрақ көрпе» құрақшылар қауымдастығының негізін қалаушы Нұргүл Әбдірасылова, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі Рыскүл Бердалиева, «Қолөнер-Тараз» бірлестігінің басшысы Раушан Құндызбаева өзінің іс-тәжірибесімен, қолөнер саласындағы жетістіктерінің сырымен бөлісті. Сондай-ақ, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшысының орынбасары Бауыржан Бердалиев қолөнершілерге өз кәсібін жүргізудің тиімді жолдары бойынша маңызды ақпарат берді. Іс- шараға келген қолөнершілер сурет салу және киіз басу, қыш өнері, сондай- ақ жергілікті дизайнерлердің ұлттық топтамасынан құралған сән байқауында сайысқа түсті.
Іс-шара қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен қатысушыларға сый-сияпат табысталып, сертификат және алғыс хаттармен марапатталды.
«Шымкент келбеті»
Фото Серік Қосаев