Біржан Жақыпов, әлем чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері
Қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген өсиет сөзі қай заманда да мәні мен мағынасын жоғалтпайды. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге шақыратын тәрбиелік сөз жағымсыз қылық, жат әдеттен сақтандырады десек те, әр заманның өзіне тән кеселді қарекеттері болады.
Күні кеше өткен үшінші ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым Жомарт Тоқаев бүгінгі қоғамға қауіпті бес кеселмен бүкіл ел болып күресу керектігін айтты. Соның бірі –нашақорлық. Әсіресе балалар арасында өріс алып бара жатқан бұл қатерлі кеселдің жолын кесіп, белсенді күрес жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болатыны құрылтайда өзекті мәселе ретінде төтесінен қойылды. Сондықтан Мемлекет басшысы есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатаңдатып, оны ең ауыр қылмыстарға теңестіруді ұсынды.
Президент өткен жылғы құрылтайда жастардың денсаулығына, тіпті тұтас ұлттың болашағына зиян келтіретін «вейптердің» таралуына тосқауыл қою үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтқан еді. Соған орай Парламентте вейптерді елге әкелген , оны өндірген және таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасы қаралып жатқанын мәлімдеді.
Адам ағзасына өте зиянды –насыбай ату да шынын айтқанда өте жиренішті әдет.
Ешқандай санитарлық талапқа сай келмейтін насыбайдың құрамында түрлі дертті, әсіресе онкологиялық ауруларды қоздыратын заттар бар екендігі дәлелденгендігіне қарамастан оны тұтынатындар азаймай келеді. Бұл затты өндіруге 2015 жылы тыйым салынған екен.