Ұлттық Құрылтай туралы пікір айтып, ойын ортаға салғандар кемде-кем шығар. Өз басым осыған дейін еліміздің әр өңірлерінде өткен үш жиынның дұрыс-бұрыстығына баға беруден аулақпын. Құрылтайды, ондағы айтылған ой, ұсыныстарды талқылау бірінің қолынан келеді. Оны орындау, ел мүддесіне жаратып, іске асыру – ең негізгі мақсат-мұратымыз осы ғой.
Жалпы, Құрылтайдың қазақ қоғамындағы рөлі өте күшті ғой. Тәуке хан кезіндегі «Жеті жарғы» заңы бойынша жыл сайын Күлтөбенің басында жиын өтіп отырған. Міне, Құрылтай солай шақырылып отырған. Онда ел мен жер үшін, мемлекет үшін тарихи маңызды мәселелер көтеріліп, келісіп шешілген.
Тәуелсіз елімізде шақырылып жүрген Құрылтайға келсек, алғашқысы Ұлытауда, одан кейін Түркістанда өтті. Үшіншісі еліміздің батысында Сарайшықта шақырылды.
Атырау жерінде Ұлыстың ұлы күні Наурызбен тұспа-тұс келген жиында Мемлекет басшысы халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды екенін, ал елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталатынын атап өтті.
– Алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз, тіпті, Шыңғыс ханның тегі кім деп, айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе, Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Олар, яғни, сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы, бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін мәлімдеді.