Ерекше бала тәрбиелеп отырған әрбір ата-ананың асыл арманы – ұрпағын қайткен күнде оңалту, оны аяққа тұрғызып, өмірге бейімдеу. Ерекше балалар да қоғамда өздерін еркін сезінуі қажет. Сондықтан бүгінде 2018 жылдан бастап, «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалар арасында «Саламатты болашақ»деп аталатын республикалық ауқымдағы әлеуметтік жоба іске асырылуда. Бұл жоба мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастарға бейімделген дене шынықтыру және спорт әлеміне жол ашады.
Осы жобаның аясында «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық бірлестігі мен Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен спорт фестивалі өтті.
Аталған іс-шара қатысушылардың шеруімен басталып, қонақтардың құттықтауымен жалғасты.
– Мемлекет тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты іс-шаралар әрқашан да жасалып келеді. Алдағы уақытта қаламызда теңдесі жоқ параолимпиадалық спорт түрлеріне арналған орталық ашу жоспарда бар. Бұл ерекше балаларға үлкен мүмкіндік болушы еді. Бүгінгі жарыс жалғасын табатынына сенімдімін. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін! – деді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.
«CHILDREN PARALYMPIC GAMES 2024» ойынында бейімдеу секцияларының тәрбиеленушілері бочча, голбол, бейімделген шығыс жекпе-жегі, бейімделген футбол, бейімделген жүзу, бейімделген жеңіл атлетика, футбол сияқты спорт түрлерінен бақ сынасты.
– Ұлым осы спорт секциясына қатысқалы бері басқа балалармен оңай араласатын болды, қатарластарымен тез тіл табысады. Оның бәрі ұлыммен жоғары білікті мамандар, жаттықтырушылар жұмыс істегенінің жемісі деп білемін. Бұл – біздің бірінші жарысымыз емес. Ұлым осыған дейін республикалық, қалалық дәрежеде өткен жарыстардан жүлделі орын алған.
Әрбір жарыстан соң алған әсері ерекше. Әр жарыстан соң жаңа белестерді бағындыруға деген сенімі мен құлшынысы жоғарылайды. Бұл жер менің ұлым сияқты ерекше балалардың еркін аймағы деп білемін, – дейді ерекше бала Нұрбақыт Ағабектің анасы.
Шара соңында фестиваль қатысушыларын марапаттау рәсімі өтті.
«Шымкент келбеті»