Гүлісхан Нахбаева – шахматтан Қазақстанның 7 дүркін чемпионы.
6 жаста анасының ықпалымен шахмат үйірмесіне қатысыпты. Содан бері интелектуалды ойынның шыңын бағындырып келеді. Қазақстандағы тұңғыш гроссмейстер дәрежесінен бөлек, әлемдік деңгейдегі ойындарда бақ сынап, бірнеше дүркін жеңімпаз болған. Шәкірт тәрбиелеп, алдағы уақытта өзінен де мықты шахматшылар шығаруды көздейді.
Шымкентте шахматтан ҚР әйелдер арасында тұңғыш гросстмейстер Гүлісхан Нахбаеваның кубогы үшін студенттер арасында турнир өтуде. Турнирге Шымкент қаласының колледждерінен 40-қа жуық шахматшы қатысып отыр. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева және оқу орындарының басшылық құрамы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Президентіміз Қасым-жомарт Кемелұлы Тоқаев әділетті Қазақстанды құру жолында адал ұрпақ тәрбиелеу керек екендігін, ол адал ұрпақтың деңгейі биік, парасат-пайымы жоғары болуы керектігін айтып келеді. Осы тұрғыда Президентіміз неше жылдан бері шахмат спортын дамыту туралы Үкіметке де тапсырма беріп, кешенді жоспар жасаған болатын. Бұл салаға Шымкент қаласының білім басқармасы да, спорт басқармасы да айырықша көңіл бөліп отыр.Сол кешенді жоспардың арқасында оқу сағаттары бөлініп отыр. Келесі оқу жылынан бастап біздің мектептердегі балаларымыз да осы қосымша вариативті сағаттар бойынша шахмат сабақтарын өтетін болады. Өскелең ұрпаққа үлгі болатындай жастар қажет екендігі анық. Сондай тұлғалардың бірі үздік спортшымыз Гүлісхан Нахбаева екені даусыз. Бүгінгі жарыс алғаш рет ұйымдастырылып жатыр. Бұл турнирден де Гүлісхан сияқты мықты шеберлер шығып, келер ұрпаққа үлгі көрсетеді деп білеміз. Барлық қатысушыларға сәттілік! – деді С. Құранбек.
Турнир FIDE ережесіне сәйкес өтуде. Жедел шахмат турнирі 7 турдан тұрады. Әр турға 15 минут уақыт беріледі. Шахмат турнирі екі күнге жалғасып, жеңімпаз Г. Нахбаева атындағы кубокпен марапатталады.
Айта кетейік, шахмат турниріне Шымкенттегі 12 колледжден 41 студент қатысып отыр.
«Шымкент келбеті»