Елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтіп жатыр. Экологиялық шара әр апта сайын белгілі бір тақырып аясында өтеді. Мәселен, бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Тұрғындар, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындар үйлері мен ғимарат аумақтарында тазалық жүргізеді. «Киелі мекен» деп аталатын екінші апта тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыруға арналады. Ал үшінші аптада көшеттер отырғызылып, ағаштардың түбі әктеледі. «Өнегелі ұрпақ» дейтін төртінші аптада ардагерлер сарайы мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазарту көзделген. Соңғы бесінші аптада өзен-бұлақтардың арнасы қоқыстан тазартылады.
«Киелі мекен» апталығы аясында өтіп жатқан #TazaShym жалпықалалық шарасы Қаратау ауданында да жалғасын тапты. Аудан әкімдігі іс-шара барысында Қаратау ауданында орналасқан кесенелер мен зираттарды тазартуды жоспарлап отыр. Аудандағы бүгінгі іс Сайрам тұрғын алабындағы Қарашаш ана кесенесін тазалаудан басталды. Игі шараға аудан әкімдігі, «Қаратау коммуналдық мекемесі», аудан тұрғындары, еріктілер, оқушылар атсалысты. Тазалық акциясы аясында кесене маңындағы ағаш, бұталар ретке келтіріліп, түптері ағартылды. Бордюрлер мен орындықтар, қоршаулар сырланды. Кесене маңындағы өсіп кеткен шөптер орылып, кесененің іші, сырты шаңнан тазартылды.
– Бүгінгі игі шараға ауылымыздың тұрғындары жас демей, кәрі демей түгел қатысып отыр. Бұл тазалық акциясы тазалықты ғана насихаттап қоймай, елімізді бірлікте болуға, өзінің Отанын, туған жерін, қаласын сүюге тәрбиелеп жатыр деп ойлаймын.Біз, зиялы қауым өкілдері, Мемлекет басшысының игі қадамын қолдап, белсене атсалысып келіп отырмыз, — деді Сайрам тұрғын алабының төбе биі Хавазмат Төлеметов.
Айта кетейік, бүгінгі шараға Жастар ресурстық орталығынан 20-ға жуық ерікті, тазалық мекемелері, зиялы қауым өкілдері, аудан жастары, мектеп оқушылары, жалпы 100-ге жуық адам атсалысып, аталған аумақта тазалық жұмыстарын жүргізді. Тазалық жұмыстары ертең Ибрагим ата кесенесінде жалғасып, жалпы апталық аясында 4 кесене мен бірнеше зиратты тазарту жоспарланып отыр.
«Шымкент келбеті»