Түркістан облысның аудандарының басшылық қатарында ауыс-түйістер орын алғаны белгілі. Шардара ауданының әкімі болып жаңадан тағайындалған Қайрат Жолдыбай ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен алғашқы кездесуін бастап кетті, деп хабарлайды q-content.kz ақпараттық порталының тілшісі аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Ең алғашқы мәселенің түйіні Жаушықұм ауылының тыныс-тіршілігімен танысқан аудан басшысы, мекенде салынып жатқан ауыз су торабында болып қайтты. Ауыз су торабының құрылысы алдағы тамыз айының соңында аяқталады деп күтілуде. Қайрат Жолдыбайұлы 9-20 метр тереңдіктен су тартып шығаратын бұрғыны бақылап көрді. Сағатына 16 текшеметр су айдайтын ауыз су торабының құрылысына 221 млн теңге жұмсалған. Аудан басшысы тиісті мамандарға жұмыстың сапалы аяқталуын қадағалауды тапсырып отыр.
–Құрылыс нысаны өз уақытында аяқталып, халықтың игілігіне тапсырылуы керек. Кемшілікке жол берген азаматтарға қатаң түрде шара қолданылады. Басты мақсат – ауылды ауызсумен қамтамасыз ету, — деді Қайрат Жолдыбайұлы.
Шардара ауданының әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесу барысында көтерілген басты мәселе де осы ауыз судың жағдайы болды. Жаушықұмдықтар сонымен қатар егістік алқапты суландыру, оған тартылатын электр энергиясын арзандату жөнінде де мәселе көтерді. Айтылған өтініштерді мұқият тыңдай білген Қайрат Жолдыбайұлы хаттамаға түсіріп, оң шешім жасауға бар күшін салатынын уәделесіп отырды.
–Орталарыңызға келгендегі мақсатым – өзекті деген пробелмаларды өз ауыздарыңыздан есту. Сіздер көтерген мәселелерді, егер де шешу жолдары оңай болса тез арада шешуге тырысамыз, ал, ұзақ мерзімде іске асатын болса кезең-кезеңімен атқаратын шаруалардың қатарына қосып, арнайы жоспар жасайтын боламыз. Өздеріңізбен ақылдаса, бірлесе отырып жұмыс жасасақ – алынбайтын асу болмайды деп сенемін, — деді Қайрат Жолдыбайұлы.
Қ. Тұрысбеков ауылында өткен кездесуде тұрғындар негізінен ауылға көгілдір отын тарту, ауыз судың тоқтамай ағуы, егістік каналдарды жөндеу, ауыл шетіндегі көшелерге асфальт төсеп, жарықтандыру, ауыз су торабының айналасына жол тарту, қараусыз жатқан электр трансформаторларын қоршау, ескі мектеп ғимаратында қоныстанып отырған отбасылардың құжаттарын рәсімдеу, ауылдың мерейтойын лайықты түрде атап өту сияқты өтініштер айтылды. Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың жоспарын да түзіп, іске кірісіп кетуге дайын.