Су тасқынынан зардап шеккен Солтүстік Қазақстан өңіріне Шымкенттен төртінші рет 33 тонна болатын гуманитарлық көмек жөнелтілді. Бұған дейін Шымкент қалалық ҚХА-ның үйлестіруімен 60 тонна жүк, құны 40 млн. теңгеден асатын гуманитарлық көмек Атырау және Батыс Қазақстан облысына үш лекпен жөнелтілген болатын. Бүгін Шымкент қалалық ҚХА мен Шымкент қаласы іскер әйелдер қауымдастығы және еріктілердің атсалысуымен тұрмыстық заттар мен азық-түліктер жиналды.
– Бұл жолы жергілікті ассамблея белсенділері эвакуациялық пункттердегі адамдарға үрлемелі қайық, су соруға арналған насос, резіңке етік, ұзын резіңке етік, құтқарушы жилеткасы, фонарь, күрек, қолғап, шланга деген сынды заттарды арнайы тізім бойынша жөнелтудеміз. Бұл біздің ерікті түрде жасап жатқан көмегіміз. Бұған дейін азық-түлік өнімдері мен тұрмысқа қажетті заттармен қоса қаражат есебінде қолдау көрсеткен болатынбыз. Алдағы уақытта ел болып осы сыннан бірлікпен өтетінімізге сенеміз,-дейді Түркістан және Шымкент Жанар май құю станциялары ұжымының басшысы Мырзашүкіров Пердебай.
Елімізде болып жатқан соңғы төтенше оқиғаларға байланысты барлық өңірлерде «Жүректен жүрекке», «Күшіміз бірлікте» деген ұранмен гуманитарлық көмек көрсету акциялары өтуде. Жеке кәсіпкерлер мен қала тұрғындарының атсалысумен Шымкент қаласында да белгіленген пунктерге қажетті тұрмыстық заттар мен қаржылай көмектер жиналуда. Су басқан оқшау және шалғай ауылдар ғана емес, ірі қалалар болғандықтан шығынға батқандар көп. Сондықтан мемлекеттің қолдауынан бөлек, әр өңірде белсенді азаматтар арнайы хор мен пунктер ашқан. Еріктілер кез келген уақытта өз көмегін ұсына алатындай етіп барлық жағдай жасалған. Шымкент қаласындағы жеке кәсіпкерлер мен белсенді азаматтар бұл оқиғаға қол қусырып қарап қалмады. Әртүрлі қажетті заттардан бөлек ашылған қорларға қаржылай көмек көрсетуде.
Бұл тұрғыда жастар жағыда белсенділік танытқан. Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады деген студенттер алдағы уақытта да көмек қолын созуға дайын екендігін жеткізді. Бүгінге дейін Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығынан онға жуық ерікті эвакуацияланған өңірлерге барып, азаматтарға қолдау көрсеткен.
Шымкент қаласының Өңірлік Коммуникациялар қызметі