Шымкентте «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастырумен қонақ үй бизнесі әкімшілеріне арналған оқыту семинары басталды. Семинарға барлық деңгейдегі қонақ үй бизнесінің әкімшілері қатысып, практикалық білімімен қатар бәсекеге қабілеттілік, қонақжайлылық индустриясында табысты жұмыс істеу үшін қажетті дағдыларды үйренді.
Семинардың басты спикерлері – қонақүй және мейрамхана индустриясында тәжірибелері мол танымал мамандар. Соның бірі қонақ үй және мейрамхана бизнесінде 15 жылдан астам тәжірибесі бар, қонақ үй бизнесін дамыту бойынша сарапшы, «Silk Road Samarkand» халықаралық туризм университетінің және Swissam университетінің профессоры, бизнес-тренер Артём Клыков тәжірибесімен бөлісті.
– Шымкентке бірінші рет келіп тұрмын. Мені қонақ үй қызметшілері жылы шыраймен қарсы алды. Өзім осы саланың маманы болғандықтан, сервистік қызметттерге баса назар аудардым. Маған ұнап жатыр. Көрікті жерлерді бүгін аралап, семинарда әрі қарай да өз идеяларыммен бөлісетін боламын. Шымкентті гастрономиялық аймақ деп жүргеннен кейін, мені мұндағы тағамдар, ресторан қызметі қызықтырып тұр.
Мүмкіндігімше танысып шығуға тырысамын, – деді А.Клыков.
Семинар-тренинг екі күнге жалғаспақ. Екінші күні «Hilton Astana», «Hampton by Hilton Turkistan» қонақүйлерінің коммерциялық директоры, бизнес- тренер Анна Суханова қатысушылармен тиімді коммуникациялар және маркетинг стратегиялары саласындағы білімдерін жетілдіру бойынша тәжірибесімен бөліседі деп күтілуде. Қатысушылар сондай-ақ «Hilton Astana» қонақ үйінің HR директоры – Ольга Чесноковадан қызметкерлерді жалдау және жұмыста тұрақтандыру бойынша білім алады.
Айта кетейік, бұл іс-шара 2021 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы жылдар аралығында отандық мамандармен бірге Түркия, Ресей Федерациясы және Өзбекстаннан келген жаттықтырушы мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті. Туристік индустрияның 250-ден астам өкілі біліктілігін арттыру туралы сертификат алды. Бүгінгі семинарға да 30-ға жуық қонақ үй және мейрамхана әкімшілері қатысуда. Семинардан соң қатысушыларға біліктілігін арттырғаны жайында сертификат табысталмақ.
Шымкент қаласының Өңірлік Коммуникациялар қызметі