Арыс қаласы аймағында орналасқан мал қорымдарында Сібір жарасына қатысты ешбір қауіп анықталмағаны белгілі болды. Бұл туралы q-content.kz ақпараттық порталының тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отыра хабарлайды.
«Арыс қаласында 2 қорым бар. Бірі – Дермене, екіншісі – Қожатоғай ауыл округі аймағында орналасқан. Екеуі де сала мамандарының қатаң бақылауында. Бүгін бұл туралы Арыс қалалық аумақтық инспекция басшысы Өмірқұл Омаров қалалық әкімдіктің мәжіліс залында өткен брифингте мәлімдеді.«Қазіргі таңда мал қорымдары зақымданбаған. Барлық талаптарға сай сақтаулы. Олар үнемі ветеринария қызметкерлерінің қадағалауында. Қорымдарға жыл сайын мониторинг жүргізіледі. Сол аумақтағы топырақтан ұдайы сынақ алынып отырады. Барлық зерттеулердің нәтижесі бойынша ешбір қауіп анықталмаған. Жалпы бүгінге дейін қорымдардан сібір жарасына қатысты ешқандай мәлімет тіркелмеген», — деді, жергілікті тұрғыны Өмірқұл Омаров.
Жалпы, Арыс қаласында 15 шілдедегі жағдай бойынша 1 172 үй қалпына қайта келтірілген еді. Және де жөндеу жұмыстары 4 504 жеке тұрғын үй құрылысы және көппәтерлі тұрғын үй нысандарында жүргізіліп жатқан жайы бар. Бұл нысандар да қысқа уақытта қайта қалпына келіп қалуға дайын. Қаланы қалпына келтіруге 197 құрылыс компаниясы, 3 159 құрылысшы жұмылдырылған. Қаланың 17 секторында 250 арнайы техника жұмыс жасауда.
Арыста 65 әлеуметтік нысан қалпына қайта келтірліп, онда 1 746 құрылысшы жұмыс істеп жатқаны мәлім болды. Бірінші вице-министр Қайырбек Өскенбаев бастаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мамандары Арыс қаласындағы үйлердің мониторингін және құрылыстың барысын бақылауды күн сайын жүргізіп отыр.
Елбасының және Президентімізідің тапсырмасымен барлық бүлінген және бұзылған объектілер 2019 жылдың 1 тамызына дейін толық жөнделіп бітуі тиіс екен.