Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қаладағы волонтерлік ұйымдардың жетекшілерімен кездесті. Жиында қаладағы волонтерлік ұйымдардың дамуы, ерікті жастардың ұсыныстары мен бірқатар мәселелер талқыға түсті.
Шымкент қаласында бүгінде 10-нан аса волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Атап айтқанда, ASАA жастар қоғамдық бірлестігі, «Ізгілікте жарысайық», «Харекет» қайырымдылық қоры, Меyirim.kz қайырымдылық электронды порталы, «Жігер» салауатты өмір салтын қолдау қоғамдық қоры, «Жасыл ел» еңбек жасақтары және тағы басқа волонтерлік ұйымдар қоғам өміріне белсене араласуда. Барлық ұйымда дарынды жастар шоғыры қалыптасқан.
Қала әкімінің орынбасары бүгінде еріктілер ұйымының қозғалысы өте маңызды екенін атап өтіп, белсенді жастарды бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
— Қазіргі таңда шаһарда волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып келеді. Батыс және Солтүстік өңірлердегі жағдайға көмек қолын созуға белсенді жастар үлес қосып жатыр. Қаламызда 8 мыңға жуық волонтер бар. Нақты ұсыныстарыңызды айтыңыздар. Өздеріңіздей азаматтық ұстанымы белсенді жастар барда еліміз одан әрі дами түсетініне сенімім мол. Жастар — біздің болашағымыз. Қала әкімдігі тарапынан көмек керек болса, біз әрдайым қолдауға дайынбыз. Мәселелерді талқылауға да әрдайым ашықпын, — деді Сәрсен Абайұлы.
Басқосуда ұйым жетекшілері әлеуметтік және басқа да бағытта өз жобаларын, ұсыныстарын айтты.
ASАA жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Данара Саранова волонтерлерге ұсыныстарды талқылап, бастамаларды жүзеге асыратын платформа, бірыңғай алаң керек екенін жеткізді. Волонтерлік ұйымдардың жұмысын халыққа етене түсіндіру қажет.
Қала әкімінің орынбасары волонтерлік ұйым көшбасшыларын жинап, бастамаларын талқылауға екі алаң — Жастар ресурстық орталығы мен Достық үйін ұсынды.
«Шымкент келбеті»