Бүгін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Жастар ғылымының даму векторлары» тақырыбында республикалық студенттік ғылыми конференция аясында «SCIENCE KIDS – ҒЫЛЫМДАҒЫ БАЛАЛАР» атты көрме өтіп жатыр.
Көрмеге қаладағы білім ордаларынан 60-тан астам мектептің ғылымға құштар оқушылары қатысты.
Жас ғалымдар көрмеде жаратылыстану, техникалық, әлеуметтік-гуманитарлық, экономиалық бағыттарда өздерінің ерекше жобаларын ұсынды.
–Сәуір – ғылым айы. Бұл айда тек ғалымдарға құрмет көрсетіліп, кәсіби мереке тойланып қана қоймады. Білім-ғылымға құштар оқушылар мен студенттердің ғылымға құштарлығын арттыруда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Бүгінгі көрме – соның дәлелі. Мектептерде ғылыммен айналысып жүрген оқушылар жетекшілерімен бірге келіп, өз жобаларын ұсынды. Арнайы комиссия креативті жобаларға қазылық жасап, үздіктер марапатталады, — деді Ғылыми қызметті үйлестіру бөлімінің басшысы Мұрат Кемелбекұлы.
Көрмеде балалардың «ақылды үй», робототехника, өсімдіктерді будандастыру, табиғи парфюм жасау бойынша жасаған дүниелері көпшілікті қызықтырды.
Елімізді әлемдік технологиялық көшбасшыға айналдыруда ғылым саласында үлкен жұмыстар жүзеге асып жатыр. Ал балалардың ғылымға қызығушылығын мектеп қабырғасынан ояту үлкен ғылыми жетістіктер мен жаңалықтардың бастамасы болары анық.
«Шымкент келбеті»