Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді.
Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек.
Сондай-ақ шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімделуде.
Шымкент қаласында көктемгі егіс жұмыстары басталып кетті. Биыл жалпы көлемі 26,5 мың гектарға егіс егіледі. Бүгінгі таңда жоспардың 75 пайызға жуығы орындалды. 10 мыңнан астам гектарға дәнді дақыл, 8,6 гектарға малазықтық, ал қалған аумаққа майлы дақыл, картоп пен көкөніс тұқымы себілді.
Сонымен қатар, алдағы күндері бақша мен майлы дақылдар егіледі. Жалпы бұл егіс алқабынан 86 мың тонна өнім жиналады деп күтіледі.
Өнімділікті арттыру мақсатында егін шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдауға жергілікті бюджеттен 143 млн 226 мың теңге қаржы қаралған. Оның ішінде 122 млн 146 мың теңгесі минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға, 20 млн 480 мыңы тұқым шаруашылығын дамытуға, ал 600 мыңы пестицид пен биоагенттердiң құнын субсидиялауға бағытталған.
Сонымен қатар, субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге бөлінген 36 тонна жеңілдетілген жанар-жағармайға 1 870 гектар егіс алаңын құрайтын 5 шаруа қожалықтың өтінімі қабылданды.
Шымкент қаласы бойынша көктемгі егіс жұмыстарына бөлінген жеңілдетілген жанар-жағармайды таратушы оператор анықталып, «ҚазМұнайГаз» ҰК арасындағы тиісті шарт жасалды. Қазір бекітілген кестеге сәйкес ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне үлестірілу жұмыстары жүріп жатыр.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі