Шымкентте жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында жоспарлы жұмыстар іске асырылып жатыр деп хабарлады Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінің айтуынша, жұмыстар қаладағы жолдардың сапасын арттырып, апатты жағдайлардың азаюына және көшелердегі кептелістерді айтарлықтай төмендеуіне бағытталған.
Нақтырақ айтар болсақ, қаладағы негізгі жолдардың бірі — Қонаев даңғылы. Ондағы жол құрылыс жұмысы 7 кезеңнен тұрады. Қазіргі уақытта 1, 3 және 4-кезеңдері пайдалануға берілді. Ал 2 және 5-кезеңдер бойынша құрылыс жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, Өтегенов көшесі ұзартылып, 1,2 кезектері бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы, Қонаев 2-кезеңі мен Өтегенов 1,2-кезеңін биыл аяқтау жоспарланған.
Айта кету керек, А-2 айналма жолын қайта жөндеу жұмыстары мегаполис басшысының тікелей бақылауында. Бұл бағыттағы жұмыстар 8 кезеңнен тұрса, оның 1, 2 және 3-і аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға берілген болатын. Қазіргі кезде 4, 7 және 8-кезеңдерін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал келесі жылы 5 және 6- кезеңдері қолданысқа беріледі.
Бүгінде қаладағы Алтынсарин көшесін қайта жөнделмек. Ондағы негізгі мақсат- Бәйдібек би даңғылындағы көлік қозғалысын оңтайландыру және кептелістерді азайту Сондай-ақ, шаһардағы Юсупов, Тамшыбұлақ, Жаңа Қоныс, Ізенді көшелерінде де күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жалпы, биыл орташа жөндеуден 144 көше жөнделеді.
Қаладағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және кейбір көшелердегі шұңқырларды жамау жұмыстарын жүргізу жұмыстары жұмыс жоспарына сәйкес жүргізіледі. Яғни, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес 420 000 шаршы метр аумақты қалпына келтіру жоспарланған.
Шымкент қаласының Өңірлік Коммуникациялар қызметі