Байқауда ана тіліміздің, ұлттық құндылықтарымыздың дәріптелуіне назар қойдық. Қазақша сайрап тұрған балалар ана тіліне деген құрмет өздерінен басталатынын дәлелдей түсті. Әрбір кезең бойынша ерекше дайындықпен келген қатысушылардың өнеріне тәнті болдық. Олардың киім үлгісі, сахнада өздерін ұстауы, белсенділігі жоғары деңгейде. Биылғы байқауға бір мектептен 100-ден аса оқушы қатысып, жалпы 800-ден аса бала қамтылды,- дейді Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының директоры Гүлмира Жанысбекова.
«Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халықтың мүддесі мен мұқтажын жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды» деген болатын ұлтымыздың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқай. Сондықтан алдымен ұлтты құрайтын әрбір азаматтың жүрегіне ұлттық құндылықтарды орнатуымыз қажет. Бұл жөнінде мемлекет түрлі жобалар әзірлеуде.
«Ұлттық құндылық» туралы әрбір азаматта тура түсінік болуы керек. Құндылықтың маңыз – мақсатын білмей тұрып құндылықтан сөз ашу да қиын.
Қазыларалқасының шешімімен бас жүлдені №71 жалпы орта білім беретін мектебінің қатысушылары қанжығалады. Ал үздік үштікке №83 жалпы орта білім беретін мектебі, Д. Нұрпейісова атындағы №116 жалпы орта білім беретін мектебі, Алпамыс батыр атындағы №40 мектеп-гимназиясы, Ө.А.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейі ие болды.
Жүлделі орын алған қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.
Әрине, еліміз ұрпағын елжанды, ұлтының ұлылығын ұлықтайтын азамат етіп тәрбиелеуде ана тілінің нәрімен сусындатып, жүрегіне ізгіліктің дәнін сепкен. Ана сүтімен бойымызға дарыған тілді шұбарламай, таза күйінде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген. Елге қалтқысыз қызмет етуді ойлаған асыл ерлеріміз жеке басының мүддесінен халық мүддесін жоғары қойған. Мұндай ұлттың құндылығы қашан да биік тұруы қажет.