Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Төлеевтің 80 жылдығына орай өткізілген іс-шара конференцияға ұласты.
Конференцияға зиялы қауым өкілдері, елге белгілі ақын жазушылар, студенттер, сондай-ақ Ресей Федерациясы Кемерова облысынан келген арнайы қонақтар қатысты. Конференцияның модераторы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек спикерлермен қонақтарға сөз беріп, қалың көрермен біртуар тұлғаның өткен өмірінің өнегесіне қанық болды.
Жиында елге белгілі ұлт зиялылары Тоқтар Әубәкіров, Зауытбек Тұрысбеков, Амалбек Тшанов сынды спикерлер сөз сөйлеп Амангелді Төлеевтің өмірімен, естеліктерімен, елге жасаған жақсылықтарымен бөлісті. Көп көкейінде осындай біртуар азаматтың өз елінде басшы болмағанына өкініш тұрды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараевтың бастамасымен Шымкентте атап өтіліп отырған мерейтой жас буынға қазақтан шыққан өр мінезді тұлғаны жан-жақты таныстыра білді.
— Шымкент қаласында Амангелді Молдағазыұлының қырық күндік асында рухани іс-шаралар атқарылуы керектігін айтқанмын. Аса танымал Амангелді Төлеевтің бүкіл ғұмыры күрескерлікпен өтті. Қарсыластарының лайықсыз әрекеттерін бетке басып, ашық айтуының арқасында, адал азаматтың жарқын жүзі ашылып, қарапайым халықтың қолдауына ие болды. Әрине, жат ел жаттығын танытып, бөгде ұлттың талантты азаматына жол бермеді. Ол сол саясатта өзінің табандылығымен, батыл іскерлігімен, Ресей халқына кеңінен танылды. Ол туған елін, бауырластарын ешуақытта ұмытқан емес. Орыс жерінде тұрса да мұсылман дінін берік ұстанып, бір жаратушының арқасында талай шабуылдан аман қалғанын жиі тілге тиек ететін, —деді Б.Тұрғараев.
Конференция мінберінен елімізге танымал ғалымдар мен саясаткерлер, қоғамдық ұйымдардың көрнекті тұлғалары мазмұнды баяндамалар жасап, А.Төлеевтің жарқын бейнесіне лайықты бағасын берді.