Түркістан облысы Жетісай ауданында 6 шілде — Елорда күні мерекесіне орай «Жылы жүрек — жомарт қол» атты қайырымдылық акциясы өткізілді, деп хабарлайды q-content.kz ақпараттық порталының тілшісі.
Шара аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевтың бастамасымен өңірдегі кәсіпкер азаматтардың қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараның берері көп болды. Акция барысында ауданымыздағы қала, кент, ауыл округтеріндегі көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік тұрмысы төмен 300-ге жуық отбасыға күнделікті қажетті азық-түлік үлестірілді.
Жетісай қаласы әкімдігі акция аясында 32 отбасының үйіне арнайы барып, азық –түлік себеттерін табыс еткен болатын. Қала әкімі Тұрышбек Елшібаев тұрғындарды Елорда күнімен құттықтап, отбасыларына амандық тілеп, жылы лебіздерін білдірді.
«Бүгін үлкен мереке. Осыған орай аудан әкімі Жамантай Қанайұлының бастамасымен қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, қаламыздағы көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік тұрмысы төмен 40-қа жуық отбасыға азық-түлік үлестірудеміз. Мұндай қайырымдылық акциялары қаламызда тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады», — дейді, өз құттықтауында Тұрышбек Елшібаев.
Ұйымдастырылған игі акция аясында көмек алған отбасы мүшелері ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырып, ақ баталарын берген болатын.