Даралар да,қаралар да,даналар да қонақ болып өтетін мына дүниеде әркім өз өмір соқпағын өзі сомдайды.Оның мәнді де сәнді,мағыналы да мазмұнды болуы сол өмір иесінің қарымы мен қасиетіне байланысты.
Қазақта тәрбиесімен, әдептілігімен, өнегелілігімен,бір ауыз сөзбен айтқанда тектілігімен,сонымен бірге ержүрек батырлығымен де көзге түскен небір қасиетті қыздар мен әулие аналар өткен. Өзінің әйел заты екенін ұмытып, қолына қылыш ұстап, жауды шапқан қазақтың батыр қыздары тарих бетінде өшпестей із қалдырған.Алты алашқа аты әйгілі мұсылман қыздардан ержүректері де біздерден..
Бүгінгі таңның бейбіт заманында ел мәдениетінің өсіп өркендеуіне аянбай тер төгіп жүрген әйел азаматтардың бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп жүргені қаншама. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында еңбегіне ерекше тоқталғалы отырған Таңғатарова Сара апай да киелі қаламыздың намысына талмай жұмыс жасап, бар қажыр қайратын жасөспірімдерді сахна,өнер мәдениетіне тәрбиелеп, талай облыстық,республикалық,халықаралық байқауларда,өнер фестивальдарының бас жүлдесін үлкен жауапкершілік,асқан дайындықпен қанжығасына жығып,Түркістан қаласы жасөспірімдер мәдениетінің туын қаншама дүркін биіктен желбіреткен.
Алдына нақты мақсат қойып,барлық талаптарға сай дайындап өзі қызмет еткен жылдар аясында бас жүлдені ешбір ауданға берген емес.
Бойында батырлық пен өжеттіктің ,анау мынауды жаншып жіберіп,алға нақты мақсатқа ұмтылатын талғампаз тектілік қасиетінің,жоғары ұйымдастыру қабілетінің арқасында қаладағы білім бөлімі жанындағы мерекелік іс шараларды да нақты тақырыпқа бағыттап,жоғары деңгейде өтуіне рухани шығармашылық шеберлігін танытқан Сара Еркінбекқызының қажырлы еңбегін ел біледі.
Білім бөлімі жанындағы жасөспірімдер мен балалар орталығы дайындаған мерекелік іс шараларға қатысып, мерекелік күнге орай парасатты бейне баяндар арқылы тақырыптың мазмұнын салихалы ашып,дүйім жұрттың көңілдеріне шығармашылық ой салатын.
Мұғалімдер күні мен сегізінші наурыз ,түрлі мерекелік думандарда білім мекеме басшыларының абыройларын асқақтатып, бейне сюжеттер, мерекелік әзілдермен өрбіте арнаулар шығарып онсыз да ұшан қиыры жоқ, қиын да қызықты еңбегімізден бір сейілте қуантып,шығармашылықпен шабыттандырып қайтаратын.
Жеке дауыста,дуэт,квартеттер,хор нағыз мамандардың дайындаған жұмыстары арқылы балалар мен жасөспірімдер өнерлері өрге жүзетін.Біз де осылай дайындасақ -деп іштей жоспарлап отыратынбыз.Киімдері де өздеріне жарасымды сахна мәдениетіне төселген өз өздеріне сенімді жастар келбеттері айдарлана түсетін.Сол ошақтан талай майталмандары бүгін үлкен сахналарда танылуда..
Әр түрлі ұлттардың \массовый\ билерін өз әдістерінше мыңбұрала билеген жауқазын арулар,түрлі ұлттық мәдениеттерді паш ететін.Ал қызыл қазақы дәстүрлі киімдері жасөспірім балауса қыздарды қыр гүліндей құлпыртып,өзбекше ,басқа ұлттардың парша жылтырақ киімдерімен қыздар жарқ жұрқ етіп шаштары төгіле мың бұрылатын билері делебеңді қоздырып, рухыңды қозғайтын.Әнге әуес ,күнге құштар бала жаны сұлу,өмірге ғашық болып өсері анық.Яғни даналық пен өнер де үйренбесе оңайлықпен қолға түспейді..
Заманауии үлгіде Орталық мамандардың ішінара құралған ансамбльдерімен айтқан жаңашылдықтары,бүлдіршіндерді дәстүрлі әндерімен үкілете тізілтіп, поп рок әндеріне бейімдеген номерлерін де асыға күтетінбіз.
Қалалық жасөспірімдер мен балалар орталығы дайындаған үлкен мерекелік думанды іс шараларға осы екпінмен асыға басып,бір тыңайып қалатынымыз дәстүрге айналған еді.Француз халқында «Бір әдемі көркем туынды көрсең оның авторынан сұрама» деген сөз бар.Алайда мұндай көркем туындылардың ар жағында іс шараның жалпы дирижері,ұйытқысы белсенді де беделді, шығармашыл ізденімпаз, өз мамандығы мен қызметін қатты сүйетін Сара апай болатын..
Білім саласы қызметкерлері де сондай әдістемелермен өз білім ошақтарында сахна мәдениетін талап етуге дағыланған.
Апайдың елге сіңірген тынымсыз еңбегіне «Нұр Отан» партиясы Түркістан қалалық мәслихат депутаты ретінде шексіз рахметімді айтып,ел ішінде осындай көкірегі намыс пен шығармашылыққа тұнған азаматтар көп болсын деп тілеймін.
Өткені Қожа Ахмет Яссауии киесі,ол кісінің дәріптеген ізгі хаһ жолына сай қызмет етсек, Түркістанға туын тіккен Түрксойл мәдениетіне әрбіріміздің рухани өре деңгейіміз дүйім мұсылманға үлгі болмақ. Иманды елде ізгілік пен адамгершілік салтанат құрып,қылмыс пен
Адами қасиеттері ерекше көрінетін алысқа да, жақынға да жібек мінез, ықыласты мейірімімен, қарымды сөздерімен, айшықты әңгімелерімен танылған ұлағатты ұстаз Таңғатарова Сара Еркінбекқызының ғұмырнамасының айшықты ғибраты соның айқын белгісі.
Танғатарова Саракүл Еркінбекқызы 1958 жылы мамырдың 2-ші жұлдызы күні Түркістан ауданы «Үшқайық» елді мекенінде дүниеге келді.
Саракүл Еркінбекқызы ауылда, ұлттық болмыстың ортасында, өнегелі отбасында тәрбие көргенінен болар, өзінің өмір жолын ұрпақ тәрбиесіне арнады.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» — демекші Үшқайық ауылының А.Үсенов мектебінде оқып жүрген кезінде түрлі іс – шараларға қатысып, жастайынан көзге ілікті.
1976 – 1980 жылдары аралығында Шымкент педагогикалық институтының «Бастауыш сынып мұғалімдерін әдістемелік-педагогикалық тұрғыдан дайындау» факультетін бітірді.
Жоғары оқу орынын оқып жүрген кезінде оқу орнының мақтанышы, комсомол ұйымының басшысы, жалындаған жастардың жетекшісі болса, сол дәуірдің қарқынымен 1982 жылы пионерлер үйіне қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдер орталығына үйірме жетекші болып жұмысқа қабылданып осы ұжымның ісіне белсене араласып біте қайнасып кетті. Балалар мен жасөспірімдер орталығынан педагогикалық қызметі басталды.
1982-1989 жылдар арасында Балалармен жасөспірімдер орталығында мәдени іс-шара ұйымдастырушы,1989-1992 жылдары әдіскер,ал 1992 жылдан бастап осы орталықтың директор қызметін атқарып келді.
Танғатарова Саракүл Еркінбекқызы іскер басшы, білікті маман бәсекеге қабілетті, ой-өрісі кең, адамгершілігі мол, жауапкершілік сезімі жоғары, ұжым мүшелерімен дұрыс қарым-қатынас жасап,басқаның пікірімен санаса, қоғамда өз орны бар, іскер жеке тұлға.
Өзінің еңбекқорлығы мен ізденімпаздылығының, жаңашылдығы мен шығармашылдығының арқасында оқушылармен, мұғалімдермен заман талабына сай жұмыстар жүргізді.
Ол Американдық ЮСАИД агенттігімен бірлесе жұмыс жасап,орталықтың материалдық –техникалық базасын жаңаша жұмыс жасауға қажетті барлық материалдық құндылықтармен толықтырды.
Сонымен қатар, «Атамекен», «Болашақ», балалар ұйымдарының жұмысы бағдарламаларын мектептердің оқу-тәрбие жұмыстарында жүзеге асыруда іс-тәжірибесі жоғарғы деңгейде жүргізіліп облыс көлеміне таратылды.
Сара Еркінбекқызы Республикалық қоғамдық бірлестігі «Жас Ұлан» ұйымының жұмысын алып баруда үлкен роль атқарды. «Жас Ұлан» ұйымының жұмысын жүргізуде семинарлар, курстық білім ұйымдастырды.
Сара Еркінбекқызы аянбай еңбек етудің арқасында 1997 жылы білім беру ісінің үздігі,
2000 жылы «Жыл адамы» құрметіне ие болды.
2002 жылы орталыққа қарасты балалардың жазғы сауықтыру демалыс «Балауса» лагерінің жұмысын жақсы атқарғаны үшін 2003 жылы Облыс көлемінде «Таңдаулы жазғы демалыс лагері-2003» атағын жеңіп алса, 2005 жылы дәл осындай номинацияны тағы да жеңіп алды.
Сондай-ақ 2004 жылғы 12-ші қазанда Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым қызметкерлерінің ІІІ съезінің делегаты.
Қазақстан Республикасы кәсіподақтарының Федерациясының дипломымен балалар мен жасөспірімдердің 2008 жылы жазғы демалысын жақсы ұйымдастырғаны үшін Облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Халықаралық «Түркістанды аңсау» оралмандардың мәдени-этнографиялық фестивалі аясында өткізілген қолөнер шеберлер байқауында бас жүлдені жеңіп алды.
Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылықтарын шыңдау,әдептілік қасиеттерін қалыптастыру, жас таланттарды жарыққа шығару мақсатындағы жыл сайын ұйымдастырылатын қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық дәрежеде өткізілетін өнер фестивальдері мен конкурстарда тек жүлделі орындарды иеленіп келді, әсіресе облыстық фестивальдерде қатарынан он жыл бойы бас жүлдені иеленді.
Онтүстік Қазақстан Облысы Білім басқарамасының ұйымдастыруымен өткізілген «Ұлы жеңіске тағзым» -2010 жылы, «Бірлігіміз жарасқан» -2011жылы, «Өнер құдіреті — мәңгілік»- 2012 жылы, «Тарихқа толы мәдени өлке Оңтүстік» -2013ж, « Қазақстан -2050 стратегиясы: Бір халық, бір ел, бір тағдыр» — 2014 жылы Лауреаттық дипломдары «Бас жүлдесімен» марапатталды.
Білім мен өнерді ұштастырып өнер әлеміне самғап ,өнерлерін өрге қарай өрлеткен жүзден жүйрік мыңнан тұлпар атанған Қазақстанға кеңінен танымал көптеген өнерпаздарды шығарды.
Балалар мен жасөспірімдер орталығының түлегі Чайковский музыка коледжінің студенті Исабекова Жадыра «Шіркін лайф 2» тележобасына қатысып, көрермендер ықыласына бөленсе, Мұстафаев Бақытжан өз өнерімен Республика көлемінде танылды.
Халқымыздың төл өнері «Айтыс» жанры бойынша Еркебұлан Қайназаров үлкен өнер сайыстарында бәйгеден оза шауып жүр және басқа дашәкірттері өнер саласында балалар орталығының жас өнерпаздары Серікбаев Еркебұлан сынды оқушылары Халықаралық Болгарияда, Испанияда, Италияда өткен өнер фестивальдерінде Республика атын әлемге танытты.
Өнер жолына балалар мен жасөспірімдер орталығынан бастау алған, тәрбиеленген, көптеген байқауларда «Бас жүлдесін» алып жүрген, ХҚТУ-дың түлегі, әнші өнерпазы 2003 жылғы Республикалық «Шабыт» фестивалінің гран-при иегері, 2005 жылғы «Жас Қанат» байқауының «Алтын қауырсынын» жеңіп алған Нұржан Қалжановқа орталықтың басшысы Таңғатарова Саракүл Еркінбекқызының еңбегі ерен.
Орталықтың оқушылары Әбсаттар Жайна, 7-11 сынып оқушылары арасында өткен «Жарқын болашақ» 6-республикалық олимпиадасына қатысып оқу орнының Грантын жеңіп алса, Инаят Жандос ХҚТУ-нің грантын иемденді.
2007 жылы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Білім ұясы» ІІ республикалық байқауына қатысып, «Бас жүлде» және «Білім ұясы» таңдаулы мектептен тыс ұйым атағын жеңіп алып,Білім және ғылым министрлігінің грамотасымен және бағалы сыйлықпен марапатталды.
Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығына арналған ашық облыстық «Көктемгі найзағай» туристік слетінде бас жүлдені жеңіп алды.
Балалар мен жасөспірімдердің мектептен тыс уақытын тиімді ұйымдастыру жұмысына қосқан үлесі үшін, білім саласындағы игі істерін ескере отырып Таңғатарова Саракүл Еркінбекқызы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісімен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы. Алтынсарин» төс белгісінің иегері, Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер белгісінің иегері,«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалінің иегері, Облыс әкімінің Алғыс хатымен, қала әкімінің Құрмет грамотасымен,Облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен, Қалалық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы Түркістан қалалық филиалының Саяси кеңесінің Алғыс хаттарымен, Оңтүстік Қазақстан облысына еңбегі сіңген қызметкер төсбелгі марапатталған .
Адамға нағыз бақытты – тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. Адам ұрпағымен мың жасайды деген сөз тегін айтылмаса керек.
Отаннан кейінгі қасиетті ұғым –отбасы.
Отанымыздың тұғыры мықты болуы үшін Отанды құрайтын отбасы мықты болуы керек. Осындай үлгілі отбасының бірі киелі Түркістан қаласының Құрметті азаматтары Таңғатаровтар отбасы, Республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы.
Отбасының берекесі – ері мен әйеліне байланысты екені даусыз.
Отбасының ұйтқысы, Отағасы Таңғатаров Асылбек Мақұлбекұлы — Түркістан қаласының бірінші сайланған мәслихат депутаты, алғашқы қалалық мәслихаттың хатшысы,отанасы ардақты ана, аяулы әже Таңғатарова Саракүл Еркінбекқызы бес баланы тәрбиелеп ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты ана, аяулы әже,ардақты да аяулы ұстаз.