Баман Құрманханұлы 1948 жылы маусымның 5-ші жұлдызында Монғолияның Байөлке аймағында дүниеге келді. 1975 жылы Улан-Батор университетін журналистика мамандығы бойынша бітіргеннен кейін аймақтық радиода редактор болып еңбек жолын бастады. 1981-1985 жылдары аймақтық мәдениет бөлімінің бастығы болып қызмет етті. 1985-1990 жылдары аймақтық партия комитетінің сектор меңгерушісі, 1990-1993 жылдары аймақтық «Қазақ» газетінің бас редакторы, Қазақ ұлттық «Бірлік» қозғалысының төрағасы және аймақтық радионың ректоры қызметтерін атқарды.
Бай өлке аймағында еңбек еткен жылдары Баман Құрманханұлының «Қыран тағдыры» атты поэзиялық жинағы, «Киелі бастау» атты повесі жарық көрді. Сонымен бірге монғол ақын-жазушыларының бірқатар шығармаларын қазақ тіліне тәжімалады.
-Қазір «Ұлы көш» атты тарихи роман жазды, оның бірінші тарауы аймағымыздағы шығатын «Шұғыла» журналына басылған. Сол тарихи романымның сабақтастығындай, ата-мекеніме де ат басын бұрып, елге көшіп келіп отырмын,-деп еді ол 1993 жылғы тамыз айында Шымкент облыстық теледидарына қызметке орналасты.Кейіннен қасиетті Түркістанға көшіп келді. Ол тарихи роман жазуға бел буып, көп ізденді,бірақ романын толық аяқтай алмады. Абзал азамат арамыздан ерте кетті. Ол 1995 жылы 21 мамырда қырық жеті жасында мезгілісіз қайтыс болды.
Баман Құрманханұлы Монғолия Халық Республикасы жастар одағының «Алтын жұлдыз» орденімен, «Еңбек Құрметі» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.
Баман Құрманханұлының атамекеніне көшіп келгеннен кейінгі жазған өлеңдері…
«АБАЙМЕН СЫРЛАСУ»
Тағы өзіңнің ғасырың-
Мына ғасыр!
Абай тойы аумақта,
Ұлан-асыр!
Бір ғасырға билетпей-
Бұл ғасырдың,
Еншіледің және де сыбағасын!
Мәңгіліксің!
Данасың!
Ғұламасың!
Екінші Абай өмірде тумағасын!
Тұр! Тұр! Ақын!
Ендеше тойыңды көр,
Сыбағаңнан қалайша құр қаласың?!
Бір түйткіл бар көмейде,
Бір-ақ бір-ақ…
Ар алдында ұрпағың
Ұяттыр-ақ,
Тілің шұбар, дінің де дімкес қазір,
Қара ормандай қазағың құрақ-құрақ…
Бәз баяғы тай-талас, билік-шекпен,
Кіріптарға озбырлар килікті өктем.
Ажал сепкен жұртыңа жарылыстан,
Жидебайың қарындай жидіп кеткен…
Тағы…тағы…
Айтпаймын арғы жағын,
Ауыр ойдан шаршадым, қалжырадым.
Жарылыстан жарымес болғандардың,
Естімей-ақ қойыңыз, сандырағын!
Жауыр-жабы бүгінде,
Мимырт-мәстек,
Кешегі жер тарпыған арғымағың!
………………………………………………….
Арғы жағын айтпаймын, арғы жағын!…
Бұл былықты
Оянсаң көрер едің,
Қырандай төбемізден төнер едің,
Ойсыз, қамсыз, той бақққан тобырлардың,
Жонынан таспа тіліп берер едің,
Бірақ қайта,
Құсадан өлер едің!…
Хал солай-
Қауқарым бар қояндай-ақ,
Қалжамнан түңілмейін,
Санамды оят!
Келмейді енді өзіңді,
Екі өлтіргім!
Жата бер, жайлы жерде,
Оянбай-ақ!
«ҮРЕЙ-ҮМІТ»
Қайран бұлттар қаз бауыр, ақ шағала,
Аспанда қалқушы еді-ау мақта ғана.
Көгалда көкке қарап жатушы едік,
Сол сурет қайда кеткен-Хақ тағала.
Ендіме, бұлт реңі қарақошқыл,
Бұлт емес будақ түтін-қараң өшкір.
Түтіп-түтіп жібергім кеп тұрады,
Тамшы тамбай қалса да далама ешбір
Солғындау бұрынғыдан гүл реңі,
Бозғылдау бұрынғыдан іңір реңі.
Тамұқтың тозаң басқан елесіндей,
Тірліктің қорқытады түрі мені?..
Ойлап па ем күн кешем деп мұндай ғаріп,
Бұлақтарда бусанды буға айналып
Күні ертең қара орман да көшетіндей,
Қарағайдың орнына қурай қалып…
Бұл ақиқат-барады жұтап бәрі
(Жаз бейнесі болмаса кітаптағы)
Сексеуілге ұқсайды семіп кеткен,
Самырсынның сидиған бұтақтары.
Қазіргі күй осылай-Хақ тағала.
Әдейі жағылғандай аққа қара,
…Ойсыраған көңілім орнығардай,
Арман бұлттар оралса-ақтағала,
Арман бұлттар оралса-Ақ шағала…
«АЙНАЛСЫН ДАҢҚЫҢ ДАСТАНҒА»
О, Бурабай, Бурабай,
Тынышсың қалай туламай,
Толайым дәуір толқыны,
Жарауы жеткен бурадай!
Теңеуім тентек болғасын,
Дей қоймас жұртым «Бұл қалай?!»
Сенің де кесек тынысың,
Көздедің елдің ырысын,
Бірегей қорлар сапында,
Биіксің әрі ірісің!
Тартылды берік тағаның,
Көсіліп шалқар алабың,
Халқыңа бергей мол ырыс,
Қаз басқан әрбір қадамың!
Биіктеп солай баспалдақ,
«Оқжетпес» сынды аспандап,
Жеңімпаз «Жекебатырдай»
Айналсын даңқың дастанға!
«Сексен көл» құрып серілік,
Көкшенің көркі керіліп,
«Бурабай» атты шуақтан,
Шапағат тұрсын өріліп.
Осылай қаулап сыр-түйін,
Ақындар төксін жыр-сиын,
Алтынан шаһар қаласын-
Қорыңа түскен-бір тиын!
Құйылып байлық арнаға,
Құлпырсын шалқар дән-дала,
Ағылсын таудай молшылық,
«Бурабай» дейтін қамбаға,
Жарқырап шамы қалаңның,
Жарасып, сәні-далаңның,
«Жерұйық деген осы-ау» деп,
Көз жауын алғай ғаламның.
Тасындап дәйім табысың,
Қорғай бер елдің намысын,
Құлыныңнан тілейміз,
Құлагердің шабысын!
Тайыңнан тұлпар атанып,
Шаңа шаң жұқпасын,
О, Бурабай, Бурабай
Шабытта келмес-туламай…
«ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛЫ БОЛСАМ»
Қазағым, қайран елім не көрмеген,
Көгөрген, қайта солған көгермеген,
Асылы, алға тартқан өмір көшін,
Артына сынық сүйем шегермеген,
Айқасып қас жауымен ат жалында,
Атанын айшылық жол шегермеген,
Өмірге осығұрша өлермен ел,
Алдымнан бір жақсылық келер деген,
Қасқайып бәріне де қарсы тұрам,
Қазақтың ұлы болсам егер де мен.
Көкшетау (әні бар)
Ақанның жүрегіндей-жылу Көкшем,
Сәкеннің сымбатындай-сұлу Көкшем,
Жасарып, қайта түлеп шыға келем,
Арайлы нұрыңды өпсем, гүліңді өпкем.
Қайырмасы: Берекелі Көкшетау, Меркелі Көкшетау, Далаң жұпар, жәзира, Қалаң гүлзар, бақша бау.
Өңірің өлең мен жыр, той мен думан,
Айналайын халқыңнан сауық қуған,
Сал, серілер мекені-салтанатты,
Сол серілер секілді қайта туған.
Басыңа осы емес пе бақ қонғаны,
Арманы бабалардың ақталғаны.
Төбеңнен төңкерілген мөлдір аспан,
Тәрізді қазағымның-көк байрағы!