1991 жылдан бері Қазақстанда 9578 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала жалға берілетін баспанамен қамтамасыз етілген. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаевтың айтуынша, 2019 жылдан бері «Отбасы Банкі» АҚ арқылы 348 жетім бала 2% және 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алған.
Бүгінде жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үй кезегінде 650 мыңнан астам адам тұр, оның ішінде 62 мың жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. «АМАНАТ» партиясы жанындағы Республикалық отбасы және халықты әлеуметтік қорғау кеңесінің отырысында балалар үйінің түлектеріне шаршы метрді қалай беру керектігі талқыланды.
«Бүгінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мемлекеттік тұрғын үй алу кезегіне тұруға құқылы. Оларға тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 20%, сонымен қатар тұрғын үйге басымдық құқығы беріледі. 2023 жылы жетім балаларға 813 жалдамалы пәтер берілді», — деді Қанат Мыңбаев.
«Бақытты шаңырақ» қорының жетекшісі Ботагөз Сұлтанова баспана алуға құқығы бар азаматтардың санатын кеңейтуге асықпаудың қажеті жоқ деп есептейді.
«Тұрғын үй мәселелері жөніндегі жұмыс тобы тұрғын үйге басым құқығы бар 7 санатты бекітті. Бірақ баспана жоқ. Бұған дейін тек жетім балалар, көп балалы отбасылар мен ҰОС ардагерлері бөлек кезекке тұратын. Бұл үш санатқа әрқашан басымдық берілген, олар үшін тұрғын үйдің жалпы санының 20%-ы болды. Ерекше қажеттіліктері бар балалар мен ересектерде ешқашан бөлек кезек болған емес. Зейнеткерлер немесе толық емес отбасылар сияқты. Тізім кеңейтілсе, онда баспана болмайды», — деді ол.
Отырыс қорытындысы бойынша кеңес мүшелері орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға бірқатар ұсынымдар қабылдады, соның ішінде: жетім балаларды кезекке қоюға талдау жүргізу, облыс әкімдіктерінің тұрғын үй қорына мониторинг жүргізу және тұрғын үймен қамтамасыз етудің баламалы мүмкіндіктерін қарастыру.