Өңірімізде соңғы технологиямен жабдықталған «Яссы құс» шаруа қожалығы 2016 жылы ақпан айында іске қосылып, бүгінде жылына 6 млн жұмыртқа шығарып отыр, деп хабарлайды q-content.kz ақпараттық порталының тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Тауық жұмыртқаларының шаруа қожалығының басшысы Әріпжан Сыздықовтың айтуынша, өндірістің айрықшаланып тұратын тұсы да сол, мұнда бүкіл үдеріс автоматтандырылған екен. Құны 76 млн тұратын «Facco» және «Valli» итальяндық фирмаларының құрал-жабдықтарын несиеге алдыртып, алдағы уақытта 2-ші кезеңді іске қосқалы отыр. Атап өтсек, жемшөп үлестіру, су беру, климат-бақылау, қи-тезегін тазалау және жұмыртқа жинау үдерістері «Орион» фирмасымен компьютерлендірілген. Мемлекеттік қолдау өндіріс ауқымдылығына қарай берілетіндіктен, ол санатқа іліге алмай қалған. Содан соң 15 % -бен несиеге аталған құрал-жабдықтарды алып, оның 6 %-ы «Даму» бағдарламасы тарапынан төленетін болды. Осындай озық аппараттардың арқасында алдағы уақытта межелі санатқа ілігеміз деген жоспар құрған.
Қожалық «Ломан ЛСЛ» және «Декалб уайт» тұқымды ақ қанатты тауықтардың ақуызы мол өнімімен қала халқын түгелдей қамтамасыз ете алады.
Жалпа, «Декалб уайт» тұқымдасының ерекшелігіне тоқталсақ бір мекиен тауық жылына 320-330 дана жұмыртқа береді екен. Жұмыртқа бағытындағы өте өнімді өнеркәсіптік кросс, яғни бұл тауықтардың 4 айлығында-ақ жұмыртқалағыштығы байқалады. Өзге өнімдік сипаттамаларға қарағанда әзірге мұнымен теңдесі жоқ. Аталмыш тұқымның басты өзгешелігі жұмыртқалардың азықтық сапасы жоғары, ешқандай «ГМО-сыз», таза экологиялық және бағудың қарапайымдылығы. Декалб тауықтарының сырт келбеті ешқандай ерекшеленбейді. Мекиен тауықтың орташа салмағы — 1700 грамм, қоразы 2000 грамға дейін. Бір тауық тәулігіне 100-110 грамм жем жейді. Оларды арнайы дайын құрама азықтармен қоректендіреді. Сондай-ақ, олардың тағамына кальцийге бай, минералды қоспалар қосылады. Олай етпесе, жұмыртқа қабығы жұқа және жұмсақ болып қалады. Осы 14-16 ай бойы өнім беру кезеңінде мекиеннің жұмыртқалағыштығы төмендеп кетпес үшін дәруменді қоспалар үздіксіз беріледі. Құстар жабық режимде ұсталады. Қазіргі таңда қожалықта 18 адам тұрақты жұмыспен қамтып отыр.