Бүгінде қарап отырмай, қарқынды дамып жатқан өмір көшіне ілесіп, істің орайын келтіріп, тынбай еңбек ету – заман талабы. «Ер дәулеті — еңбек» деп бекер айтылмағаны. Бүгінгі кейіпкеріміз жастайынан «адам қадірі – еңбекпен келеді» деген қағиданы ұстанған азамат, отставкадағы полиция подполковнигі, бүгінде «Сәт» отбасылық мейрамханасының иесі кәсіпкер Бауыржан Исаев.
Бауыржан ағадан кәсіпкерлікті қалай қолға алғаны жөнінде сұраған едік.
-1990 жылдан 2017 жылға дейін ішкі істер органдарында үзіліссіз қызмет еттім. Азаматтардың, бейбіт тұрғындардар тыныштығын қорғау жолындағы қызметімді абыройлы атқарып зейнет демалысына шықтым. Тұрақты зейнетақым болса да, «ердің жасы – елуде» ер азаматқа бос жүру ыңғайсыз екенін түсініп, түрлі кәсіптермен айналысуға бел будым. Десе де, 30 жылға жуық мемлекеттік қызметте істеген адамға бірден кәсіпке кірісіп кету оңайға соқпады. Алдымен алып сатудан бастаған ісім аса нәтижесін бере қойған жоқ. Мұны кәсіпкерлік білімім мен тәжірибемнің болмағанынан деп түсіндім. Жалпы жеке кәсіптен сауатыңыз болмаса, «кәсіпкер боламын» деу қиынның қиыны екен. Сол себепті кәсіпкерлік бағытында білімімді жетілдіру керек деп шештім. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлік палатасының өткізуімен түрлі семинарлар мен жеке тренингтерге қатысып, кәсіпкерлік саладағы білімді жетілдіре келе біршама мағлұмат жинақтадым. Осылайша, ойлана келе мейрамхана бизнесін ашуды жөн көрдім. Үлкен қалалардағы мейрамханаларды көріп, тәжірибе жинақтап, халықтың көңілінен қалай шығуға болады деп іздену артықтық етпейтінін түсіндім. «Сәт» отбасылық мейрамханасы осындай идеямен ашылған еді» деп ағынан жарыла әңгімесін бастады.
Түркістан облыс орталығы болғалы қаламызда сантүрлі дәмханалар мен мейрамханалар салынды. Олардың сәні мен дәмі бір-бірінен асып түсетінін көріп жүрміз. Ал, «Сәттің» қонақ күтуінің креативтілігі неде екен» деген қызығушылықпен қойылған сұрағымыз болған.
« Иә, қалада мейрамхана ісінде күшті бәсекелестік байқалады. Бұл бір жағынан өте дұрыс. Себебі, қала тұрғындары, алыс-жақыннан келген қонақтар керемет және сапалы қызметті күтеді. Соған сай болу үшін бүгінде қаламыздағы дәмханаларың асханасы, қызмет көрсету сервистері барлығы реттеліп келе жатқаны қуантады. Бұл біздің қала имиджін көтеруге бірден-бір септігін тигізетін жолы емес пе?!
Біздің мейрамханамыздың ас мәзірі еуропалық, шығыс тағамдарымен танымал болып келе жатыр. Басты ерекшелігі, мейрамхана отбасылық деп аталғаннан кейін мұнда отбасымен, кішкентай балапандарымен отырып демалып кету үшін барынша жағдай жасалған. Яғни, ата-аналар алаңдамай еркін отырулары үшін жас бүлдіршіндерге арнайы бөлме қарастырылған. Бөлмелер көгілдір теледидармен, ойыншықтармен, сурет салуға арналған жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, «Сәт» мейрамханасының айналасында көптеген мекемелер болғандықтан, сондағы қызметкерлерге, жергілікті тұрғындарға аса қиындық тудырмас үшін түскі асты тиімді бағамен ұсынуды қолға алған жайымыз бар.
Бүгінде мейрамханада 15 адамға дейін жұмыс істейді. Оның ішінде тілі дәм үйірер тағам дайындайтын аспазшылар бар, заманға сай қонақ күтудің қыр-сырын меңгеріп, арнайы курстардан өткен білікті даяшылар бар. Барлығы өз қызметтеріне, мейрамхана атына ұят келтірмей, тынымсыз еңбек етіп жүрген ұйымшыл және көңілді ұжым екенін қуана айтқым келеді», деп сыр бөлісті кейіпкеріміз.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде кәсіпкерлік қызметті бастағысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастар үшін жеңілдікпен микрокредит беруді көздеп отырғанын жаңа жыл басталғалы естіп жатырмыз. Осы орайда кәсіпкердің ойы қалай?
«Былайша қарасақ, еңбек етемін деген адамға жағдай жасалып та жатыр, жұмыс та жетерлік, тек ынта мен ықылас болса дейсің. Бизнесті қолдауға бөлінетін қаражат жеткілікті ме дейсіз, аз болсын, көп болсын, барды ұқсата біліп, тиыннан теңге құралатынын білетін және соны іске асыратын адам өз табысының игілігін көре алады деп айта аламын. Тіпті алысқа барудың қажеті жоқ, бір қаламыздың өзінде қанша құрылыстар, қанша жобалар жүзеге асып жатыр. Көзін тауып, белсенділік танытса, жастардың жағдайы жаман болмас еді.
Әлбетте, бизнес-жоспарсыз бастаған кәсіпте көптеген кемшіліктер кездеседі. Сондықтан қандай кәсіпті бастамас бұрын сол саланы зерттеп, меңгеру қажет екенін ұғындым. Жастарға да осы жағынан айтар кеңесім, идеяны әбден нақтылап, жүйелі бизнес-жоспарды құру керек. Сонда әр қадам бойынша жазылған әрекет сызбаңыз қаржыны үнемдеуге, дұрыс жұмсауға, бизнесті одан әрі дамытуға септігін тигізеді. Ынтымағы мен ауызбіршілігі жарасқан ұжымды (команданы) жинау да бір белес. Жаныңда өзіңді түсінетін, өзіңді үлгі тұтатын сенімді адамдар болса алынбайтын қамал жоқ.
Мен өз кәсібімді жақсы көремін. Ал сүйіспеншілікпен, ынта-ықыласпен, құлшыныспен жасалған істер жаңа идеяларға жетелейді», дейді кәсіпкер.
Біз қасиетті Түркістан қаласындағы «Сәт» мейрамханасы иесіне сәттілік пен береке тілеп, кейіпкерімізбен жылы қоштастық.