Көмек көрсетушілердің қатары күн санап артып келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, мұнайлы өлкенің бас имамы Батыржан Мансұров бастаған делегация Арысқа арнайы келдің. Апаттан зардап шеккен Арыс халқының жағайын біліп қайтты.
Атырау қалалық Құспан молла мешітінің наиб имамы Назарбай Абдураманов, Әт-Тақуа мешітінің бас имамы Өсімхан Тілеуов және Жылыой ауданының бас имамы Арман Исаевтан тұратын делегацияны Түркістан өкілдігі қарсы алды. Кейін делегация Арыс қаласына барып, тосын апаттан жапа шеккен тұрғындармен кездесу өткізді.
Атырау облысының бас имамы кездесу барысында Батыржан Мансұров Арыстағы апаттың күлі қазақстандықтарды біріктіргенін атап өтті. «Отандастарымыздың басына түскен апатты жағдайға барша қазақстандық бірге қиналып отыр. Осындай ауыр жағдайларда әр мұсылман баласы жақсылық жолында бірігуге дайын тұруы керек. Адам басына қиындық түскен кезде, сабыр сақтай білу маңызды. Алла Тағала бір қиындықтың артын бір қуанышпен сүйіншілейді. Жақсылықтан үміт үзбеңіздер»,— деген Атырау облысының бас имамы Батыржан Мансұров еліміздің тыныштығы жолында дұға жасады.
Еске сала кетелік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілдігіне қарасты аймақтағы 31 мешіттің имамдары қайғылы жағдайға ортақтасып, өзара қаражат жинады. Сондай ақ, Атырау қаласына қарасты мешіт жамағаты арасында «Біз біргеміз» акциясы ұйымдастырылып, жиналған сома осылайша арыстықтарға тапсырылып отыр.