Арыстық азаматтардың қиын жағдайдан шығуына барлық көмек күштері жұмылдырылып жатыр. Қаланы қапыда қиын жағдайға ұшыраған арыстық ағайындарға көмек көрсетушілер қатарына Маңғыстау жұртшылығы да қосылды. Атап айтқанда облысқа қарасты мешіттерде арыстық ағайынға қол ұшын беру үшін жамағатқа үндеу тасталды.
Маңғыстау облысының өкіл имамы Смайыл Сейтбеков жамағат тарапынан жиналған қаржыны арыстық ағайындарға жеткізу мақсатында Арыс қаласына арнайы барды. Түркістан облысының өкіл имамы Мұсабек Ақтамберді және Арыс қаласының имамдарымен кездесіп, қайырымдылық мәселесін талқылады. Мешітте жамағатпен намаз оқып, өкіл имам С.Сейтбеков жамағатқа маңғыстау жұртының сәлемін жеткізді. Орын алған апатқа сабыр етулерін айта келе, Маңғыстау жұртының Арыспен бірге екенін жеткізді.
Өкіл имам апаттан зардап шеккен аймақты аралап, Арыстық ағайындарға Маңғыстау жұртының тілеулес екенін айтып, жамағаттың аманатын табыстады.
Еске салсақ, Арыстағы апаттан зардап шеккен арыстықтарға бүкіл қазақстандық қол ұшын созып, гуманитарлық көмек көрсетуде. Бүгінгі таңда қоймаға 510 тонна тұрмыстық заттар, азық-түлік, киім-кешек өзге де заттар жиналса, соның 400-ден астамы гуманитарлық көмек ретінде халыққа таратылды.
Бұдан бөлек «Түркістан» әлеуметтік даму корпоротивтік қорына Арыс халқына арнап 1 млрд. 200 мыңнан астам қаржы жиналды.
Сондай-ақ, Арыс қаласындағы гуманитарлық көмек қоймаларына онлайн веб-камералар орнатылды. Қоймадан тікелей көрсетілімді www.barlau.kz/company/tx/сайтынан көруге болады.