Сенатта бірнеше уақыт бұрын «Бір ел — бір мүдде» депутаттық тобының отырысы барысында бірқатар жобалар талқыланған болатын. Онда «Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар» қоғамдық жобасы таныстырылды. Жобаның мақсаты Парламент депутаттарының, барлық деңгейдегі мәслихаттардың, мемлекеттік органдардың және Қазақстан халқы Ассамблеясының өзара тұрақты іс-қимыл жүйесін ұйымдастыру болып табылады.
Жобаны іске асыру барысында халықтың өзекті мәселелері айқындалатын болады, ол Парламент, мәслихаттар депутаттарының жұмысында және олардың өзара іс-қимылында көрініс табады.
Сондай-ақ, Парламент пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ҚХА өкілдері мен этномәдени бірлестіктер басшыларының қатысуымен жергілікті жердегі этносаралық қатынастар мәселесін тұрақты қарауды қамтамасыз етіледі.
«АССАМБЛЕЯ. ПАРЛАМЕНТ. МӘСЛИХАТТАР» қоғамдық жобасы аясында Шымкент қалалық ҚХА мүшелері мен мәслихат депутаттары Сайрам тұрғын алабының тұрғындарымен кездесті. Жиынға Шымкент қалалық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, құқық қорғау органдары өкілдері қатысты. Іс-шара Мемлекет басшысының ҚХА-ның «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты XXXIII сессиясында берген тапсырмасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесуге Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары – Қайрат Имашев, Мұратәлі Қалмұратов, Асқар Молдабек, Қаратау ауданының әкімі Рақымберді Мүлкеманов, Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Нариман Базарбаев, қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнәр Дәрібаева арнайы қатысты. Еркін форматта өткен басқосуда еліміздің ішкі саяси тұрақтылығын одан әрі нығайту және халықпен тікелей байланыс орнату мәселелері айтылып, азаматтардың талап-тілектері, ұсыныстары тыңдалды.
Іс-шара ҚХА-ның «Бейбітшілік және келісім» жобасы аясында қоғамдық қабылдаумен жалғасты. Онда сала басшылары мен арнайы мамандардан жасақталған 7 топ тұрғындар арасында «Этносаралық келісім», «Әлеуметтік және еңбек проблемаларын шешу», «Халықтың денсаулығы», «Халыққа білім беру», «Бизнес ортаны дамыту», «Конфессияаралық келісім», «Заңдылық, тәртіп және қауіпсіздік» сынды бағыттарда қабылдаулар, ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді.