«Жасыл ел» – еңбек жасағы 2005 жылы «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты дәстүрлі Жолдауы негізінде құрылған көшбасшы жастар ұйымы. Сол жылы «Жасыл ел» еңбек жасағының республикалық штабы өз жұмысын бастаған болатын.
«Жасыл ел» жастар ұйымының мақсаты:
Біріншіден, жастардың күшімен елімізді көгалдандыру, абаттандыру арқылы студент жастарды еңбекпен қамтамасыз ету. Сәйкесінше, жылына қаншама жастарды осы бағдарламаға тарта отырып, олардың арасындағы жұмыссыздықты төмендету.
Екіншіден, жастар арасында экологиялық тәрбиені насихаттау болып табылады. Демек, жастардың Отанға, жерге, табиғатқа деген патриоттық сезімін ояту.
Үшіншіден, Жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайту, жастардың табиғатқа қамқорлықпен қарап, өзінің жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру. «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру мемлекеттік жастар саясатының негізгі басым бағыттарының бірі.
«Жасыл ел» еңбек жасақтарына өтінім қабылдау мамыр айынан баcталып, ерікті жастардан топ құрылған. Жобаға 16-34 жас аралығындағы жұмыссыз жастар қатыса алады. Еңбек сарбаздарына арнайы киім үлгісі және қажетті құрал-жабдықтар беріледі. Айта кетейік, жастардың жұмыс тобы 5 ауданға бөлініп, күніне 4 сағаттан тиімді, пайдалы жұмыстар атқарады. Жалпы қала бойынша биылғы жылы 1300 жасты жұмыспен қамту жоспарлануда. Жоба Шымкент қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өтуде. Жастар құжаттар мен өтінімді «Жасыл ел» штабында аудан бойынша жауапты ретінде бекітілген арнайы қызметкерге тапсырады. Орын саны шектеулі.
Аталмыш жоба мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға, қалалар мен елді мекендерді көгалдандыруға, абаттандыруға, жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге бағытталған жалпыұлттық қозғалыс. Яғни, жас жұмысшылар тал-теректерді күту мен көгалдандыру, елді мекендерді абаттандыру және құрылыс жұмыстары секілді бағыттардағы қызметтерді атқаратын болады. Шымқаланың жастарынан құралған жасақ мүшелері жаз айларында қолға күрек пен балға ұстап, қоршаған ортаға пайдалы іспен айналысып, әрі өздері қосымша табыс табады деген сөз.