Шымкент қаласында бүгінде жол-құрылыс жұмыстары қарқын алған. Шымкент автокөлік көбеюі жағынан елімізде көш бастап тұрғандықтан, соңғы жылдары жол құрылысына басымдық берілді. 2023 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қала аумағындағы жақсы және қанағатттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 71,2 пайызға жетті.
Бүгінде қалада кептелісті азайтып, көліктерге қолайлы жағдай жасау бағытында бірқатар ірі маңызды жобалар іске асуда. Атап айтқанда, Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайрық тұрғындар игілігіне берілді.
Былтыр Бәйдібек би – Арғынбеков көшелерінің қиылысындағы 3 деңгейлі жолайрықтың құрылысы аяқталып, барлық бағытта көлік қозғалысы ашылды. Жоспарға сәйкес, жолайрық үш деңгейлі. Төменгі деңгейде – Арғынбеков көшесі, жоғары деңгейде – Бәйдібек би даңғылы, ортаңғы деңгейде оң жақ бұрылыстар мен сақиналы жол орналасқан.
Қаладағы ірі жол-көлік инфрақұрылымының бірі – «Оңтүстік» айналма жолы. Жалпы ұзындығы 16 шақырым айналма жолдың құрылысы аяқталуға таяды. Бұл нысан – Ташкент бағытындағы республикалық маңызы бар жолдан Ленгір тас жолына қосылатын негізгі жол. Жол құрылысы негізінен транзиттік көліктер, жеңіл көліктерге қаланың ішіне кірмей, солтүстік және шығыс бағытқа өтуіне мүмкіндік жасау мақсатында жүзеге асырылуда.
Ташкент – Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары атқарылуда.
Сондай-ақ, бүгінде шаһарда Қонаев даңғылының жалғасы Оңтүстік бағытқа қарай, жалпы Республика көшесіне балама ретінде салынуда. Қазіргі таңда 1-ші, 3-ші, 4-ші кезең жұмыстары аяқталды.
Айта кетсек, қалада өткен жылы құрылыс және қайта құру бойынша 63,9 шақырымдық 22 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 8 нысан пайдалануға тапсырылса, ал қалған 14 нысан 2024 жылға өтпелі. Ал 254 нысанда (233,8 шақырым) орташа жөндеу жұмыстары атқарылып, оның 245 нысаны (222,0 шақырым) пайдалануға тапсырылды.

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.