Қаладағы Көрме орталығында «Senat Open» шахмат турнирінің жартылай финал кезеңі өтті. Аумақтық чемпионаттың жартылай финалында Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласының шахматшылары бақ сынады. Турнирде қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, қоғам белсенділері, мәслихат депутаттары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үздік ойындар көрсетті.
Жартылай финал бәсекесінің салтанатты жабылу рәсіміне қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов қатысып, үздік шыққандарды марапаттады. Қала мәслихатының төрағасы шахматқа мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатқанын айтты.
– Елімізде интеллектуалды ойындарды дамытуға көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды құру жолында адал ұрпақ тәрбиелеу керек екендігін, ол адал ұрпақтың деңгейі биік, парасат-пайымы жоғары болуы керектігіне назар аударып отыр. Шахматты дамытуда кешенді іс-шаралар қолға алынуда. Мұнда қатысушылардың көбі аға буын өкілдері. Жастар аға буыннан үлгі алу керек. Енді турнир дәстүрлі түрде өтеді деген сенім бар. Жартылай финалда жеңіске жеткендер Елордада өтетін финалдық кезеңге қатысады, – деді қала мәслихатының төрағасы.
Айта кетсек, ҚР Парламенті Сенатының шахматтан ашық кубогы FIDE ережесіне сәйкес өтуде. Аумақтық чемпионатта іріктелген 25 шахматшы финалдық кезеңге жолдама алды.
Бүгінгі турнирге қатысушылар арасында 80 жастан асқан қариялар да бар. Финалға шыққандардың арасында да ардагерлер өте көп. Қала мәслихатының төрағасы осындай жарыстар жергілікті жерлерде шахмат ойынын насихаттауға өз септігін тигізетінін атап өтті.