«Күшіміз бірлікте» әскери-далалық тактикалық ойыны «Айбын» X халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының шешуші сайысы болды.
Финалдық ойындарға Ақмола облысының, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің «Жас десантшылар», Қарағанды қаласындағы Талғат Бигелдинов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің командалары қатысты. Ал ақтық сында Қазақстанның намысын Астана қаласының Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледж қорғады.
Газтұмылдырықпен, су құйылған құтымен, компаспен, санитарлық сөмкемен және автоматтың макетімен жабдықталған жас жауынгерлер бағдарлау, түрлі кедергілер мен мина-жарылғыш тосқауылдарды және аймақтың ластанған учаскесін еңсеру дағдыларын көрсетті.
Соңғы кезеңде командалар жаудың барлау-диверсиялық тобының тірек пунктін тауып, оны бейтараптандыру міндетін орындауы керек болатын. Нәтижесінде, жеңіс Қарағанды қаласындағы Талғат Бигелдинов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілеріне бұйырды.
Өткен бейсенбіде жүгіру мен арқан тартыстан жарыстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар әскерилендірілген эстафета да өтті.
Жасөспірімдер арасында 3 шақырымға жүгіруде өңірлер арасындағы командалық есепте бірінші орынды Алматы қаласының құрамасы, әскери бөлімдер жанындағы әскери-патриоттық клубтардан Әуе қорғанысы күштерінің «Бес қару» командасы, әскери оқу орындары ішінен Алматы қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі, мемлекеттер арасында Қырғызстан иеленді.
Одан бөлек жеке есепте өңірлер арасындағы жарыстың осы түріндегі үздік нәтижені (10 мин. 39 сек) алматылық Әли Мәдениет көрсетті. Әскери бөлімдер жанындағы әскери-патриоттық клубтар арасында Төтенше жағдайлар министрлігінің «Б.Т. Керімбаев» ӘПК тәрбиеленушісі Сәтпай Боранқұлов (10 мин. 30 сек) озды. Еліміздің әскери оқу орындары арасында Алматы облысының «Арыстан» мамандандырылған лицейінен Мирас Маутан 10 мин. 36 секундта мәреге жетіп, үздік атанды. Байқауға қатысушы шет мемлекеттер құрамалары арасынан қырғызстандық Әзімбек Медетбеков (10 мин.54 сек) жеңіске жетті.