Өңірлік командалардан қыздар арасында бір шақырым қашықтықты жалпы уақыты 18 минут 11 секундта еңсерген Алматы қаласына бірінші орын берілді. Бұл жарыста әскери бөлімдердің әскери-патриоттық клубтар тобында Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының «Хан Сұлтан» командасы (18 мин.17 сек.) жеңіске жетті.
Жеке есепте әскери бөлімдер клубтары санатында 3 мин. 9 сек нәтижесімен бірінші орынды Төтенше жағдайлар министрлігінің «Б. Т. Керімбаев» ӘПК өкілі Алиса Тротно жеңіп алды. Байқаудан тыс өнер көрсеткен өзбекстандық спортшы Райхона Хамроеваның уақыт көрсеткіші – 3 мин. 18 сек.
Өңірлер арасында арқан тартыста Жамбыл облысының құрамасы үздік деп танылды. Әскери бөлімдердің ӘПК ішінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Болашақ» командасы, оқу орындарынан «Арыстан» мамандандырылған лицейі, қатысушы мемлекеттерден Беларусь елінен келген Минск Суворов әскери училищесінің командасы жеңіске жетті.
Бес кезеңдік әскерилендірілген эстафета байқауына қатысушылар АК-74-ті бөлшектеу және құрастыру нормативін орындап, газтұмылдырық пен жалпы әскери қорғаныс костюмін киюден жарысты. Сынақтарға зақымданған жерден өту, сым қоршау астында жорғалау және садақ ату кірді.
Өңірлер арасында эстафетаның барлық кезеңдерінен өтуде Ақмола облысының құрамасы 4 минут 40 секундта үлгеріп, үздік уақыт көрсетті. Әскери бөлімдердің әскери-патриоттық клубтары ішінде Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының «Хан Сұлтан» командасы (4 мин.19.10 сек) көзге түсті. Оқу орындарының арасында Атырау облысының «Сармат» мамандандырылған әскери мектеп-лицей-интернатының тәрбиеленушілері (5 мин. 44 сек) бар кезеңдерде озып шықты. Қатысушы мемлекеттер арасында Қазақстан құрамасы жеңіске жетті (4 мин. 31 сек.).
«Айбын» X халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының жабылуы және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі ертең өтеді.